Автосалондар клиенттерді қосымша жабдық алуға міндеттеуде - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Автосалондар клиенттерді қосымша жабдық алуға міндеттеуде

18.05.2022

Автосалондар клиенттерді қосымша жабдық алуға міндеттеп жатыр. Бұл туралы Алматы қалаласының прокуратурасы мәлімдеді. Тіпті Бәсекелестікті дамыту және қорғау департаментіне заң бұзушылық жайлы хабарлаған. Алайда салон иелері онымен келіспейді. Ал, көлік алушылар бұндай заңбұзушылықтың тоқтатылғанын қалайды.

Нұрқанат Батшанов жуырда автосалоннан су жаңа көлік сатып алған. Несиеге болса да темір тұлпарлы болдым деп қатты қуанғанын айтады. Алайда, машинасын рәсімдеу барысында салон қызметкерлері кейбір жабдықтарды қосымша ақы төлеп алуға міндеттепті.

Нұрқанат Батшанов, қала тұрғыны:

Көліктің ішінде келетін аяқтың астындағы алдыңғы, артыңғы төсеніштерін олар бөлек сатуға тырысады. Негізі олар машинамен бірге зауыттан келетін нәрселер. Артқы су шашқыштарды да маған бөлек ұсынды. Мен салон қызметкерлерінен бірге жүрмей ме деп сұрағанымда, жоқ бірге жүрмейді деді.

Алматыдағы автосалан өкілдері мұндай жағдай осыдан бірнеше жыл бұрын Шымкент қаласында тіркелгенін жасырмады. Алайда, одан кейін қызметкерлердің арасында тұтынушы құқығын бұзғандар табылмапты.

Александр Абрамов, «HYUNDAI» компаниясының ресми өкілі:

Қосымша жабдықтарды алуға міндеттеуге тыйым салынады. Әсіресе көлікпен бірге келетін бөлшектер мен аксессуарларды бөлек сатуға жол берілмейді. Егер тұтынушылардың құқығы бұзылып жатса 7007 клиенттерді қолдау орталығына қоңырау шалып, шағымдана алады.

Алматы қаласының прокуратурасы биыл ақпан айында автосалондардың қосымша қызметтерін, сондай-ақ жаңа көліктерді сатып алу кезінде аксессуарларды құру заңдылығын талдап, бірқатар заңбұзушылықтар анықтаған.

Бауыржан Төлендинов, Алматы қаласы прокуратурасының ресми өкілі:

Көрсетілген фактілер бойынша Алматы қаласының прокуратурасы Бәсекелестікті дамыту және қорғау департаментіне заңбұзушылықты жою туралы ұсыныс енгізді. Қазіргі уақытта аталған уәкілетті орган талдау жасауды аяқтауда.

Ал, елордадағы автосалондар мұндай заңбұзушылыққа мүлдем жол бермейміз дейді. 2022 жылдан бастап арнайы заң қабылданғанын және қызметкерлер қосымша жабдықтарды аулға міндеттесе, айыппұл арқалап, жазаға тартылатынын тілге тиек етті.

Қайрат Еламанов, Қазақстандық автобизнес қауымдастығының өкілі:

Қосымша жабдықтар тек тұтынушының келісімімен ғана сатылады. Біз клиенттерден келген арыз, шағымдарды бақылап отырамыз. Осы кезге дейін түрлі аксессуарларды алуға міндеттеу жайлы ешкім шағымданған жоқ.

Тұтынушылар мұндай пікірмен келіспейді. Сондықтан осы бағыттағы заңбұзушылыққа тоқтау салу керек деп есептейді. Бүгінде қалалық прокуратура жаңа автокөліктерді сату бойынша диллерлік орталықтардың тауар нарығына талдау жұмыстарын күшейткен.

Нұрсұлтан Тілектес

Хабарламаларға жазылу