Украинадағы ахуал: Ресей Харьков маңынан әскерін алып кетіп жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Украинадағы ахуал: Ресей Харьков маңынан әскерін алып кетіп жатыр

14.05.2022

Украина армиясы Харьков үшін шайқаста жеңіске жетті. Бұны Вашингтондағы Соғысты зерттеу жөніндегі институт хабарлады. Оның дерегінше, Ресей қарулы күштері елдің екінші ірі қаласын көптен бері қоршауға тырысқан. Бірақ жергілікті әскер оларды ығыстырып, Ресей шекарасына қарай кетуге мәжбүрледі.

Харьков губернаторы үйлеріне оралып жатқан тұрғындарға қауіптің сейілмегенін ескертуде.

Украина әскери барлау қызметі басшысының болжамынша, Ресеймен арадағы қарулы жанжал тамыздың ортасында шарықтау шегіне жетіп, жыл соңында аяқталуы мүмкін. Қазір Украина аумағында мерт болған ресейлік сарбаздардың мәйіттері жиналып, теміржол станцияларына жеткізіліп жатыр. Сол үшін елдің әртүрлі аймақтарында тоңазтқыш-вагондар әзірленген.

Владимир Лямзин, Украина әскери-азаматтық ынтымақтастық ұйымының басшысы:

Халықаралық гуманитарлық құқық нормаларына сәйкес, қақтығыстың белсенді кезеңі аяқталғаннан кейін тараптар басқа елдің әскерилерінің денелерін қайтаруға тиіс. Мен айырбастау туралы мәселе дұрыс емес дер едім. Украина мәйіттерді қайтаруға дайын. Әрине, егер олардың қолында біздің марқұмдардың денелері болса, біз оларды да алып кетуге дайынбыз. Бірақ қазір Ресей мен Украина арасында диалог жоқ.

Украина әскерилері Северо-донецк қаласының маңындағы өзеннен өтпек болған ресейлік техниканы көпірмен бірге қиратқаны туралы кадрларды жариялады. Бұл шабуылдан кемінде 73 танк пен броньдалған машина және бір батальондық-тактикалық топ жойылған. Ондай топқа әдетте мың шақты жауынгер кіреді. Ресей болса, Донецк облысында Украина қарулы күштерінің пункттеріне соққы беріп, 100 шақты сарбазды мерт қылып, 23 әскери техниканы істен шығарғанын хабарлады.

Хабарламаларға жазылу