Англия банкі пайыздық мөлшерлемені тағы көтерді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Англия банкі пайыздық мөлшерлемені тағы көтерді

12.05.2022

Инфляция шарықтап бара жатқандықтан Ұлыбританияның бас қаржы институты амалсыз осындай қадамға барды. Бұл бастама нәтиже бере ме? Лондондағы тілшіміз Марина Бекенованың материалы.

Марина Бекенова, тілші:
Украинадағы жағдайға байланысты мұнай мен газдың бағасы өскенін ескерсек, бұл бастама мардымды нәтиже бермейді, -дейді экономистер. Наурыз айында инфляция деңгейі 7 пайызға жетті. Ал, жыл соңына қарай ол 10 пайызға өседі деп ескертеді қаржыгерлер. Тіпті, электр энергиясы қазан айында 40 пайызға қымбаттауы мүмкін. Бұл соңғы 40 жылда болмаған қымбатшылық.
Эндрю Бэйли, Англия банкінің басқарушысы:
Инфляция мен рецессияға төтеп беру үшін пайыздық мөлшерлемені 0,75-тен 1 пайызға дейін көтеруге тура келді. Ковид пен локдаунның салдарынан тауар тасымалдаудағы кедергілер және Украинадағы әскери қақтығыстар энергияның қымбаттауына әкеп соқтырды.

Банк мөлшерлемесі соңғы уақытта осымен төртінші рет көтеріліп отыр және 2009 жылдың ақпан айынан бері бұрын соңды болмаған рекордтық көрсеткішке жетті. Нәтижесінде Ұлыбританияның ұлттық валютасы - стерлинг фунты АҚШ долларына қарағанда 3 центке, евроға шаққанда 1 центке арзандады. Бүгінде халық үнемдеуге көшкен , ең қажет деген заттарды сатып алудың өзі мұңға айналған. Англия банкі келесі жылы ел экономикасы дағдарысты еңсере алмайтынын ескертеді. Бұл дегеніміз жұмыссыздық 5 жарым пайызға артады деген сөз.

Марина Бекенова

Хабарламаларға жазылу