7 мамырда Қазақстанның Қарулы Күштері құрылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

7 мамырда Қазақстанның Қарулы Күштері құрылды

07.05.2022

30 жыл ішінде еліміздің Қарулы күштерінің әлеуеті артып, айбынды әскеріміз егемен елдің мызғымас қорғанына айналды. Бүгінде армиямыз әлемдік стандарттарға сай жарақталған. Дегенмен, жаһандық сын-қатерлерге жауап беру үшін қорғанысымызды мықтап, жауынгерлік дайындықты күшейту, әскери білім беру саласын дамыту маңызды. Осы орайда Бас қолбасшының тапсырмасымен басшылық құрамға зор жауапкершілік жүктеліп отыр.

Мираш Жалғасұлы десанттық-шабуылдау әскерінің қатарына алты ай бұрын шақырылған. Арқалық қаласының тумасы. Айтуынша, бір апта бұрын алғаш рет парашютпен секірген. Бастапқыда бойын қорқыныш билесе де, намысқа тырысқан.

Мираш Жалғасұлы, десанттық–шабуылдау әскерінің жауынгері:

Секірген бетте өз-өзімді мақтан тұттым. Өзім арнайы дайындаған парашютпен секіруге арналған қимылдарды жасап, 521,522 –ші кольцоны тартып, онан кейін жоғарыдан қарағанда жүректе жеңілдік болды. Мен бірінші прижогымды жасадым.

Тәуелсіздік алған соң тура бір жылдан кейін 7 мамырда Қазақстанның Қарулы Күштері құрылды. Құрлық әскерлері, Әуе қорғанысы және Әскери-теңіз күштері жасақталды. 30 жыл ішінде кез-келген жағдайда әрекет етуге машықтанған айбынды армия қалыптасты. Зерттеу институттарының мәліметінше, еліміз 39 мың әскерімен әлем рейтингінде 166 мемлекеттің ішінде 70-ші орында тұр.

Айдос Исаев, № 35 гвардиялық десанттық-шабуылдаушы бригадасы командирінің орынбасары:

Өзгеріс өте көп. Айта берсем жеткілікті. Мен мысалы лейтенат болып келе салғаннан бері өзіміздің Қарулы күштер мен қазіргі кезді салыстырсам жер мен көктей. Дайындық жағынан да, офицерлер мен сержанттардың білім жағынан да және олардың алға деген ұмтылысына қарағанда өте жоғары.

Өзекті мәселелердің бірі - армияны кәсіби кадрлармен жасақтау. Өткен жылы мемлекеттің бюджетінен қорғаныс саласына 745 млрд теңгеге жуық қаржы бөлінді. Ал, биыл бұл соманың көлемін 2 трлн теңгеден асыру жоспарланып отыр. Қаржының басым бөлігі өңірлердегі әскердің әлеуетін жақсартуға бағытталмақ. Себебі, қуатты әскер - ел ертеңінің кепілі.

Қуан Нұрақын


Хабарламаларға жазылу