Зауытқа шабуыл: Мариупольден жүздеген адам көшірілді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Зауытқа шабуыл: Мариупольден жүздеген адам көшірілді

05.05.2022

Ресей қарулы күштері Украинаның Мариуполь қаласындағы «Азовсталь» зауытын штурммен алу операциясын бастады.

Соңғы мәліметке қарағанда, олар өнеркәсіп кешеніне басып кірген. Зауытта қазір шамамен украиналық 2 мыңдай жауынгер мен 200-дей бейбіт тұрғын бар. 11 шаршы шақырым аумақты алып жатқан «Азовсталь» - Мариупольде ресейліктердің қолына өтпеген жалғыз ғана нысан. Мәскеу болса, «Азовстальда» штурм басталғанын жоққа шығарып отыр. Ал, «Азов» полкінің коммандирі Денис Прокопенко «Телеграм» каналы арқылы мәлімдеме жасап, зауытта «екі күннен бері қанды шайқас» жүріп жатқанын хабарлады.

Денис Прокопенко, «Азов» полкінің коммандирі:

Жаудың зауыт аумағына басып кіргеніне екінші күн болды. Ауыр әрі қанды шайқас жүріп жатыр. Мен дұшпанды ауыздықтау үшін асқан күш-жігер жұмсап жатқан жауынгерлерімді мақтан тұтамын. Және де Мариуполь гарнизонына зор қолдау көрсеткен әлемге алғыс айтамын. Жағдай өте қиын. Бірақ, не болса да, қорғанысты тоқтатпау туралы бұйрықты орындауды жалғастырамыз.

Дегенмен, бірер сағат бұрын түскен мәліметке қарағанда, Ресей «Азовстальдағы» 200-дей тұрғынның қашуына мүмкіндік беру үшін атысты үш күнге тоқтататынын жариялады. Алайда, Украина бұған дейін Мәскеуді ымыра туралы уәдесін орындамайды деп бірнеше рет айыптады.

Біріккен Ұлттар Ұйымының дерегінше, сәрсенбі күні Мариупольдің өзге бөліктері мен елдің оңтүстігінен 300-ден астам адам эвакуацияланған.


Хабарламаларға жазылу