Елімізде цифрлы құжатты пайдаланатын азаматтар көбейіп келеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елімізде цифрлы құжатты пайдаланатын азаматтар көбейіп келеді

04.05.2022

Елімізде цифрлы құжатты пайдаланатын азаматтар көбейіп келеді. Мысалы, былтыр құжаттың бұл түрі 32 млн рет қолданылған. Ал 2020 жылғы көрсеткіш небәрі 3,5 млн ғана болған. Жақын арада цифрлық технологияның игілігін ауыл халқы да жаппай көре бастайды. Бұл туралы бүгін Мәжілісте айтылды. 

Цифрландыруды дамытуға арналған заң жобасы елді басқару жүйесін жаңа деңгейге шығаруға мүмкіндік береді. Бірінші кезекте мемлекеттік мекемелердегі бюрократияны азайту көзделген. Цифрлық сервиске ауыл халқы да қол жеткізеді.

Бағдат Мусин, ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі:

Қазпоштаның екі мыңға жуық ауылдық бөлімшелерінде цифрлық қолжетімділік нүктелерін ашу жоспарлануда, осы электрондық бұрыштарда халық қызметтер алып, мемлекеттік органдарға электрондық өтініштер жолдай алады.

Туу, неке қию және басқада біраз құжаттар электронды форматқа ауыстырылмақ. Олар қағаз түріндегі баламасымен тең дәрежеде қолданылады. Осы заң жобасын талқылаған кезде депутаттар төрт жүздей түзету енгізсе де, кейбір мәселені бүгін тағы бір нақтылады.

Әлия Әбсеметова, ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты:

Міне, менің телефоным. Жеке куәліәгімді телефонға фотоға түсірсем, ол цифрлық-электрондық құжат болып есептеле ме?

Бағдат Мусин, ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі:

Жеке куәліктің немесе басқа бір құжаттың фотосы цифрлық құжат болып есептелмейді.

Интернет нашар болса цифрландырудың игілігін көру әсте мүмкін емес. Мәжіліс депутаттары министрге интернет сапасына қатысты сұрақты көп қойды. Өйткені, бұл өңірдегі ең өзекті мәселенің бірі.

Еділ Жаңбыршин, ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты:

Облыс орталығына барып кетіп қаласыз, неге ауылдарды аралап қарамайсыздар? Сол кезде көздеріңіз жетеді, цифрландырудың қандай деңгейде екенін.

Әлсіз интернет ауыл тұрғындарын пандемия кезінде де әбігерге салды. Студенттер мен оқушылар онлайн білім алу үшін тау-тасқа өрмелеп кеткені өтірік емес. Министрдің айтуынша, содан бері интернет операторларын тексеру 10 есе көбейді. Оларға айыппұл да салынып жатыр. Бірақ, проблема нақты қашан шешілетіні белгісіз.

Бағдат Мусин, ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі:

Барлық ауылда осыншама жылы интернет болады деп мен уәде бере алмаймын. Бірақ, тұрғыны 250-ден көп елді мекендерде интернет сапасын көтеруге жұмыс жүргіземіз.

Заң жобасында азаматтардың жеке деректерін қорғау мәселесі де нақты жазылған. Депутаттар құжатты бірінші оқылымда мақұлдап, Сенат қарауына жіберді.

Берік Көшербай

Хабарламаларға жазылу