Елімізде цифрлы құжатты пайдаланатын азаматтар көбейіп келеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елімізде цифрлы құжатты пайдаланатын азаматтар көбейіп келеді

04.05.2022

Елімізде цифрлы құжатты пайдаланатын азаматтар көбейіп келеді. Мысалы, былтыр құжаттың бұл түрі 32 млн рет қолданылған. Ал 2020 жылы бұл көрсеткіш небәрі 3,5 млн ғана болған. Жақын арада цифрлық технологияның игілігін ауыл халқы да жаппай көре бастайды. Бұл туралы бүгін Мәжілісте айтылды.

Берік Көшербай, тілші:

Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында бірнеше заң жобасы қаралды. Солардың бірі инновацияларды ынталандыру, цифрландыруды және ақпараттық қауіпсіздікті дамыту мәселелері. Бұл тақырып бойынша еліміздің цифрлық дамуына жауапты министр Бағдат Мусин баяндама жасады. Оның ұсынған заң жобасы үш концептуалды бағыттан тұрады. Яғни, мемлекеттік басқаруды трансформациялау, деректерді басқару жүйесін ретке келтіру және электрондық құжаттарды қағаз түріндегі баламасымен тең дәрежеде қолдану аясын кеңейту. Цифрлық технологиялар арқылы мемлекеттік аппаратты бюрократиядан түбегейлі арылту көзделіп отыр. Сондай-ақ, туу, неке қию және басқада біраз құжат электрондық форматқа ауыстырылмақ. Яғни, олардың түпнұсқасын өзімізбен бірге алып жүру қажеті болмайды.

Бағдат Мусин, ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі:

Заң жобасында азаматтық хал актілерін мемлекеттік тіркеу жөніндегі куәліктерді электрондық форматқа ауыстыру қарастырылған. Бұл азаматтар үшін ыңғайлы болмақ, өйткені мекемелерге бару міндетінен босатылады, азамат кез-келген уақытта құжатты басып шығара алады немесе QR-коды бар электрондық нұсқасын ұсына алады. Оның үстіне құжатты жоғалтып алса, телнұсқа жасату қажет емес.

Берік Көшербай, тілші:

Сонымен қатар, поштаның ауылдағы 2 мыңға жуық бөлімшесінде цифрлық қызмет көрсету бұрышы ашылмақ. Бұл көптен күткен және өте қажет бастама деді, депутаттар. Себебі, смартфон бәрінде бірдей бола бермейді. Болған күнде смартфон арқылы құжат рәсімдеу қиын. Кейде өтініш беру процедуралары күрделі. Ал поштада интернет пен компьютер бар және сол жердегі қызметкерлер ауыл тұрғындарына электрондық үкімет сервистерін пайдалануға көмекстесіп жібереді. Мәжіліс депутаттары заң жобасын қызу талқылап, бірінші оқылымда мақұлдап, Сенат қарауына жіберді.


Хабарламаларға жазылу