Жеңілдетелген автонесиелеу бағдарламасы келесі аптада басталуы мүмкін. Экология, геология және табиғи ресурстар министрінің айтуынша ол үшін тиісті қаражат жақында аударылады. Бағдарлама шарттары қандай? Көлік тапшылығы болмай ма?
Досжан Маратұлы, тілші:Жеңілдетілген автонесие бағдарламасының басталуын жұрттың асыға күтіп жүргені анық. Автосалондар мен екінші деңгейлі банктер де әзірлік үстінде. Кезекте жүздеген мың адам тұр.
Экология, геология және табиғи ресурстар министрінің айтуынша несиелеуді бүгін-ақ басталуға болар еді. Бірақ қаржының жоқтығы қол байлау. Серікқали Брекешевтің айтуынша бағдарламаға 100 миллиард теңге қарастырылған. Ақша осы аптаның соңына дейін аударылуы тиіс.
Серікқали Брекешев, ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі:Ол қаржы қазір оператор «РОП» мекемесінің орнына құрылған «Жасыл даму» компаниясында. Ондағылар ақшаны аудару бойынша корпоративтік рәсімдерді жүргізіп жатыр. Ол жұмыстар осы аптаның соңына дейін, яғни мамырдың 6-сына дейін аяқталуы тиіс.
Бірақ бұл мамырдың 6-сы бағдарлама басталады деген сөз емес. Ақша алдымен Өнеркәсіпті дамыту қорына түседі. Кейін ондағылар 100 миллиардты жеңілдетілген автонесие беру үшін банктерге бөліп береді. Сол үшін көп күттірген жоба келесі аптада мейрамнан кейін басталуы мүмкін. Нақты қай күні екенін ешкім дөп басып айта алмай отыр.
Бұған дейін несиелеудің шарттары бекітілген еді. Ол бойынша ең жоғары қарыз көлемі 10 миллион теңге. Мерзім 7 жылға дейін. Мөлшерлеме 4 пайыз. Көлік елімізде құрастырылған және оның бағасы 15 миллион теңгеден аспауы керек. Ал алғашқы жарна міндетті емес. Әрі бағдарлама ашық және әділ өтуі үшін кезекті онлайн бақылау жүйесі іске қосылады.
Досжан Маратұлы, тілші:Айта кетерлігі былтыр елімізде 118 мың көлік сатылған. Оның 80 мыңы бізде құрастырылған. 4 пайыздық несиеге орай, автоөндіріс көлемін биыл бұдан да арттыру көзделген. Сол үшін Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі тапшылықтың алдын аламыз деп отыр.
Досжан Маратұлы