Елімізде инфляция тағы өсуі мүмкін - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елімізде инфляция тағы өсуі мүмкін

27.04.2022

Елімізде инфляция тағы өсуі мүмкін. Ұлттық банк төрағасының айтуынша әлемдік тауар бағасының қымбаттауы инфляциялық қысымды күшейтіп отыр. Десе де оны ауыздықтап, қымбатшылықпен күресу үшін тиісті шаралар қабылданып жатыр, - дейді Ғалымжан Пірматов. Бүгін ол базалық мөлшерлеменің өсу себебін және оның экономикаға қалай әсер ететінін түсіндіріп берді.

Қазір әлемдік геосаяси жағдай ушығып тұр. Түрлі санкциялар сауда саттыққа кері әсер етіп, қымбатшылыққа алып келді. Салдарынан Ресейде инфляция 16 пайызға бірақ шарықтады. Импорттық тауарлардың 40 пайызы осы көрші елден келетіндіктен бұл бізге де кері әсер етіп, инфляция 12 процентке жетті. Бұл соңғы алты жылдағы антирекорд. Оны тежеп, қымбатшылықпен күресу үшін Ұлттық банк базалық мөлшерлемені 14 пайызға дейін көтеріп отыр.

Ғалымжан Пірматов, ҚР Ұлттық банкінің төрағасы:

Базалық мөлшерлеменің белгіленген деңгейі қазіргі кезде барынша дұрыс деңгей болып табылады. Және қалыптасқан жағдайға толық сәйкес келеді. Біз мөлшерлемені көтере отырып, теңгедегі активтердің тартымдылығын арттырамыз. Бұл халықтың тұтынушылық әрекетінен жинақтауға қарай көшуін қолдайды.

Яғни мөлшерлемені көтеру қаржы нарығын тұрақтандырады, теңгеге деген сенімді күшейтеді. Бұл аса маңызды. Өйткені көпшілік инфляция өскен кезде, жинағы құнын жоғалтпау үшін оны инвестициялауға немесе түрлі тауар сатып алуға әуес. Бірақ бұл нарықтағы жағдайды керісінше ушықтырып жіберуі мүмкін.

Ғалымжан Пірматов, ҚР Ұлттық банкінің төрағасы:

Ал егер көпшілік қаржының құндылығы артты, мен оны бүгін тұтынудан гөрі, сақтау әрекетіне көшем деп шешім қабылдаса, онда сұраныстың қысымы азайып, бағаның өсуі де азаяды.

Бағаның өсуі тоқтаса, инфляцияны ауыздықтау жеңілдейді. Десе де қазір әлем бойынша азық-түлік қымбаттауға бейім. Сол үшін инфляциялық қысым сақталады дейді Ұлттық банк төрағасы. Тағы бір айта кетерлігі базалық мөлшерлемені көтеру, экономиканы несиелеуге кері әсер етеді деген еді сарапшылар. Бірақ былтырмен салыстырғанда көрсеткіш керісінше 25,3 пайызға өскен. Бизнесті несиелеу 19,6, халықты кредиттеу 35,5 процентке ұлғайып отыр.

Досжан Маратұлы

Хабарламаларға жазылу