Заң үстемдігі мен әділ төрелік. Сот жүйесіндегі басым бағыттар осы. Президент биылғы Жолдауында құқық қорғау институттарын күшейту бойынша нақты тапсырмалар берді. Солардың ішінде ең бастысы – Конституциялық сот құру. Бақылаушы органның адам құқықтарын қорғаудағы рөлі қандай? Дарын Сағитов тарқатады.
Конституциялық сот құру туралы ұсыныс заңгерлер мен қоғам белсенділері тарапынан көптен бері айтылып келген еді. Президент пәрменімен ерекше институт қайта құрылатын болды. Ата заңның мүлтіксіз сақталуын қамтамасыз ететін орган сот жүйесіне конституциялық бақылау жүргізеді.
Абзал Құспан, адвокат, қоғам белсендісі:
«Конституциялық кеңес ол аты айтып тұрғандай бар-жоғы кеңес береді. Ол кеңесінің қандай да бір міндеттемелік күші болмайды. Ал Конституциялық сот алдына түскен мәселе бойынша істі мәні бойынша қарап, нақты шешім шығарады. Билік етеді. Және оның шешімі орындалуға міндетті».
Үш тармақты билікте лауазымды тұлға заңға қайшы шешім қабылдаса Конституциялық сотқа жүгінуге болады. Оған кез-келген адам өзінің сауалын жолдай алады. Қазіргі таңдағы тағы бір өткір мәселе – азаптау. Ол туралы аз айтылып жүрген жоқ. Жауапты орган болмағаннан кейін олқылық көп. Тәуекел басым.
Игорь Рогов, ҚР Президентi жанындағы адам құқықтары жөнiндегi комиссияның төрағасы:
«Құқық қорғау жүйесі алдында күрделі міндеттер тұр. Аты айтып тұрғандай сала барлық азаматтардың құқықтары мен бостандығын қорғауы тиіс. Президент айтқандай, азаптауға жауапты нақты бір орган жоқ. Сондықтан Мемлкет басшысы бұл құзіретті Бас прокуратураға ұсынып отыр».
Өлім жазасына тыйым салу туралы шешімді біржола бекіту үшін Конституцияға тиісті өзгеріс енгізіледі. Президент тапсырмасы осындай. Сарапшылар өлім жазасы қауіпті шешім дейді. Қателік кетсе, салдары қиын. Жазықсыз жазаға тартылғандардың бұзылған құқығын қалыпқа келтіру мүмкін емес.
Марат Бәшімов, Еуропалық құқық және адам құқығы сараптамалық институтының директоры:
«Шынын айтсақ құқық қорғау саласында өзгерістер болып жатыр. Бірақ, қоғам тағы да өзгерістерді күтіп отыр. Адамдардың құқықтарын қорғауды жоғары деңгейге қою керек. Әлі заң бұзушылықтар да бар. Әлі заңдарды да өзгертетін нәрселдер бар. Президент өзі айтып отыған Жаңа Қазақстан құрамыз дегеннің өзі әділеттік нәрсе».
Қазір алқабилер тек аса ауыр қылмыстар бойынша үкім шығара алады. Ендігі кезекті олардың қарауына берілетін істердің санаты кеңейтіледі. Бұл сот жүйесін демократияландыруға және оған қоғамның сенімін арттыруға мүмкіндік береді. Алқабилер соты англо-саксондық және романо-германдық жүйеде өте дамыған. Сот әділдігінің сенімді түрі.
Дарын Сағитов