Басты Жаңалықтар Бұдан былай ыдыс-аяқ, есіктер, еден жабындылары, керамикалық плита мен газоблоктар өзімізде өндіріледі

Бұдан былай ыдыс-аяқ, есіктер, еден жабындылары, керамикалық плита мен газоблоктар өзімізде өндіріледі

Бұдан былай ыдыс-аяқ, есіктер, еден жабындылары, керамикалық плита мен газоблоктар өзімізде өндіріледі. Импортты алмастыратын тауар түрлері бұл ғана емес. Премьер-министрдің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында отандық өндірісті дамыту жайы сөз болды. Жаңа жобалар таныстырылды. Жалпы алғанда 2025 жылға дейін Ішкі нарықтың 60 пайызын өз өнімдеріміз қамту көзделген.

Өткен жылы 38,3 млрд теңгенің өнімі сырттан алынды. Елге келетін тауардың көбі импорт. Енді Үкімет өзгеге иек артуды қойып, отандық өнім көлемін көбейтпек. КЕСТЕ: Биыл өңдеу өнеркәсібіне қатысты 165 жоба жүзеге асады. Құны - 1,7 трлн теңге. Негізгілеріне тоқталсақ, пропилен, автомобиль шиналары, алтын өндіру фабрикасы мен мұнай өңдейтін зауыттың құрылысы биыл басталады. Жалпы, машина жасау саласында 21 химия өнеркәсібінде 18, құрылыс материалдарына қатысты 24 жоба жүзеге аспақ.

Қайырбек Өскенбаев, ҚР Индустрия және инфрақұрылымды дамыту министрі:

Жалпы керамикалық плиталар, автоклавты газоблоктар, жылу оқшаулағыш материалдар, сэндвич-панельдер сияқты тауарлар бойынша импортты толықтай алмастыру жоспарланып отыр. Бұдан басқа, елімізде бұрын-соңды өндірілмеген санфаянс, бөлмеаралық есіктер, лакталған ағаш-жаңқалы тақталар, еден жабындары сияқты тауарлардың өндірісі іске қосылатын болады. Керамикалық плиталар, кальцийленген және каустикалық сода, жылу оқшаулағыш материалдар, арнайы кокс, калий тыңайтқыштары және басқа да тауарлар бойынша импорт толықтай алмастырылады деп күтілуде.

Азық-түлік қауіпсіздігі

Ішкі нарық 80 пайыз қамтылады

Ал азық-түліктің 29 түрі бойынша ішкі нарықтың 80 пайызы қамтылады. Дегенмен бұл аздық етеді. Биыл тағы 33 жоба жүзеге асады. Оның ішінде ет комбинаты, сүт зауыты және бау-бақша, құс фабрикасын салу жоспарланған. Осылайша алдағы үш жылда тұрғындар тек елдегі құс етін тұтынады. Ал қант өндірісін 7 есе арттыру жоспарланған.

Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-министрі:

Бәсекеге қабілетті экономика құрамыз десек, біз осы бір үрдісті түбірімен өзгертуіміз керек. Осыған орай, Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Импортты алмастырудың 2025 жылға дейінгі бағдарламасы дайындалып жатыр. Бағдарлама аясында қазақстандық қамту үлесін 60%-ға дейін жеткізу жоспарланған. Ең бастысы, бұл жаңа өндірістердің дамуына серпін беріп, 116 мың жаңа жұмыс орнын құруға мүмкіндік жасайды.

Импортты алмастыратын тауарлар бәсекеге қабілетті болуы тиіс. Үкімет басшысы жауапты органдарға жүйелі жұмыс істеуді тапсырды.

Раушан Сайлауқызы, тілші:
Жобаларды жүзеге асыру оңай емес. Инфрақұрылымға қолдау қажет. Қаржыландыру мәселесі мен білікті кадрларды дайындау мәселесі өзекті. Үкімет басшысы өңір әкімдіктері министрліктегілерге осы мәселелерді пысықтауды тапсырды.

Раушан Сайлауқызы


Бөлісу