Түркістан облысы 100-ден астам үйдің ауласын су басты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Түркістан облысы 100-ден астам үйдің ауласын су басты

25.04.2022

Түркістан облысында төпелеп жауған нөсер жұртты әбігерге салды. Тасқыннан 100-ден астам ауланы су басып, Қазығұрт ауданында 18 отбасы қауіпсіз жерге көшірілді. Ал Сарыағаштың Бағыс ауылында бөгет бұзылып, орталықпен жалғайтын күре жол опырылып, қозғалыс шектелді.

Күн жауып кеткен соң үйге кірген бір-үйлі жан артынша іштен шыға алмай қалды. Әп-сәтте тізеге жеткен су сыртқы есікті екпінімен аштырмай тастады.

Айша Кененбаева, Жіңішке ауылының тұрғыны:

Ары қарай шыға алмай қалдық. Кішкентай балалар бар, бәрі жылап кетті. балалар келіп, ұят болса да арқалап асфальтқа шығарды бәрімізді. Суға қарасаң басың айналады.

Арыны қатты ағыс Қазығұрттағы 18 үйдің табалдырығынан өтіп, төрге ұмтылған. Тағы 44 ауланы көлкіген су ортасында қалдырды.

Ғани Қалмаханов, тілші:

Тасқын әсіресе «Жіңішке» ауылын қос бүйірден қысты. Жұрт батыс беткейдегі жайылымнан келген судың алдын бөгей алмай жатқан кезде күншығыстан жойқын ағыс келіп қосылды. Салдарынан осы маңдағы үйлердің ауласы мен есік алдындағы сарайлары белуардан суға толып қалды.

Сарапханадағы ауызашарға жиналған жұрт та бұл сәтте үрейі қашып, дүрлігіп кетті. 75 жастағы әжені жұрт сыртқа әрең көтеріп шығарып, туыстарына арқалатып жіберді. Ал қалғандары терезеден асып түсіп, жаяулап қашты.

Адамдар жан сауғалап жүргенде, асау ағыс 300-ден астам төрт түлікті ағызып әкеткен. Қырылған малдың 250-дейі Сарапханадағы шопанның қорасында тұрған. Жұрт көктем шыға қолындағы қой ешкісін малшылықпен нәпақа айырып жүрген осы азаматқа сеніп тапсырған екен.

Нұрғали Қоңыратбаев, малшы:

Сумен бірге ағып келдім мына жерге дейін. Сөйтіп есікті зорға аштым. Ары неғылдым-бері нығылдым шығара алмадым. Бірақы ағып кетті. Сөйтіп мына дуалды бұзып, тірілерін амалдап шығардық.

Ветеринар мамандар өлген малды санап, тізімге алып жатыр. Қираған баспана мен бүлінген заттарды анықтау үшін комиссия жасақталды.

Арман Абдуллаев, Қазығұрт ауданының әкімі:

Бұдан бөлек оқиға орын алған әкімшіліктерде жұмыс топтарын құрдық. Шығындарды нақтылап, құжаттарды рәсімдеу бойынша. Бюджеттен бола ма, басқа қаржы көздерінен бола ма, шығынын өтеп беруге жұмыс жасаймыз.

Табиғат апаты егістікті де тып-типыл етті.

Сондай-ақ, тасқын қазақ-өзбек шекарасының шебіндегі Бағыс елді мекенені маңындағы Газалкент су реттегіш бөгетін бұзып кетті. Онымен қоймай ауылды орталықпен жалғайтын жол да жарамсыз күйге түсті. Қазір оларды қайта қалпына келтіріп жатыр.

Ғани Қалмаханов

Хабарламаларға жазылу