Алматы облысында ауылды су басты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматы облысында ауылды су басты

04.06.2019

Алматы облысында қатты жауыннан соң сел тасқыны болды. Ағын су Панфилов ауданының Пенжім ауылын басып қалды. Бірақ айтып келмейтін апаттан зардап шеккендер жоқ. Дегенмен, тасқын су бірнеше көше мен үйдің ауласын шайып кеткен. Қазір оқиға орнында жедел штаб құрылып, арнайы мамандар жұмыс істеп жатыр.

Смартфонға түсірілген бұл кадрлар әлеуметтік желілер арқылы тарады. Одан ауыл көшелерін су басып, адамдар мен көліктердің жүруі қиындағандығын көруге болады. Мамандардың айтуынша, су тасқынынан зардап шеккен тұрғындар жоқ. Бірақ ағын су айтарлықтай шығын әкелген. 200-ге жуық үйдің ауласын шайып, ішіне дейін кірген.

Бибігүл Қисықбаева, Пенжім ауылының тұрғыны:

Әкімшіліктер барлығы да көмекке келіп жатыр. Аудандық әскери бөлімінен 2088-ден адамдар жіберіп, міне көмектесіп, бәрі полдарды тазалап беріп жатыр.

Төтенше жағдайлар департаменті өкілдерінің мәліметінше, апатқа ауа температурасының күрт көтерілуі мен үздіксіз жауған нөсер себеп болған. Мамандар жауынның салдарынан өңірде сел жүру қаупі бар екендігін тұрғындарға 31 мамыр күні СМС арқылы ескерткендігін айтты.

Айдос Асанов, жедел штабтың мүшесі:

Бүгінгі таңда аудан әкімінің шешімімен комиссия құрылып, шығындарды есептеу жұмыстары жүріп жатыр. Шығындар есептеліп болғаннан кейін қажетті көмектер көрсетілетін болады.

Қазір ағын су тоқтап, ауылда тазалық жұмыстары басталды. Оқиға орнында «Қазселденқорғау» мекемесінің өкілдері мен әскери қызметкерлер және полицейлерден құралған 100-ден астам адам, 20 техника жұмылдырылды.

Аманкелді СЕЙІТХАН

Хабарламаларға жазылу