Түркістан облысының Кентау қаласында да желдің жылдамдығы секундына 30-40 метрге жетіп, әлеуметтік нысандар мен тұрғын үйлерге зақым келді.
Қалада 5 электр бағанасы бүлініп, тұрғындар жарықсыз қалды. Шатыры ұшып кеткен мектеп пен балабақша уақытша жұмысын тоқтатты. 4 көліктің үстіне ағаш құлаған. Көпқабатты 2 үйдің шатыры ұшып, қалалық полиция бөлімінің ғимаратына да зақым келген. Қазір қала тазартылып жатыр. Табиғи апаттан келген шығын көлемі есептелуде.
Ерік Сарыбаев, Түркістан облыстық ТЖД бастығының орынбасары:
Алдын ала мәліметтерге сәйкес, зардап шеккендер мен қайтыс болғандар мен қаза тапқандар жоқ. Сондай-ақ, Төтенше жағдай департаменті мен жергілікті атқарушы орган қызметкерлері мен бірлеске түрде осы желдің салдарын жою жұмыстары жүргізілуде. Қазіргі таңда аудандық, қалалық әкімдіктермен комиссиялар құрылып, табиғи апаттан келтірілген шығын көлемі есептелуде.
Ал, кешегі топан судан Сарыағаш ауданындағы Бағыс ауылында баратын жол жарамсыз болып қалды. Көлік қозғалысына шектеу қойылды. Нөсер жауыннан алты бірдей ауылды су басты. Қазығұрт ауданында табиғи апаттан келтірілген шығын көлемі есептеліп жатыр. Әзірге анықталғаны екі ауданда жетпістен аса үйдің ауласына су кіріп, 1 тойхана мен 16 шаруашылық нысанның ішін су шайып кеткен. Су басқан аумақтардан 50 адам эвакуацияланып, барлығы туыстарының үйлеріне таралды. Сондай-ақ 213 ұсақ мал өлген.
Айнұр Ақбаева