Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөнінде кеңес өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөнінде кеңес өтті

24.04.2022

 «Жер мен оның қойнауы, су, өсімдіктер және жануарлар әлемі, басқа да табиғи ресурстар халыққа тиесілі. Мемлекет халық атынан меншік иелігін жүргізуге құқылы». Президент конституцияның 6-бабын осылай өзгертуді ұсынды. Жұма күні Ақорда сарайында Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөнінде кеңес өтті.

  Ата заңға мұндай түзету енсе еліміздің әрбір азаматы мұнай мен кен, темір мен газдан түсіп жатқан қыруар қаржыдан жыл сайын өз үлесін алып отыра ма? Әзірге бұл жағы белгісіз. Дегенмен жерінің үсті мен асты қазынаға толы Қазақстанның әрбір тұрғыны бұл игіліктің пайдасын барынша сезінуі керек шығар?! Жағымды өзгерістерге үміт артамыз...

Өзгерістер демекші енді ата заңымызға біршама түзетулер енгізілмек. Бұл Тәуелсіз Қазақстанның екінші конституциясына жасалып жатқан 6-өзгерістер. 6-өзгерістер 2-республиканың бастауы болмақ. Қасым-Жомарт Тоқаев бұл бастаманы Жаңа Қазақстанды құрудағы маңызды белес екенін атап өтті.

Қаңтар оқиғасынан кейін мемлекет басшысы саяси реформалардың жаңа пакетін ұзаққа созбай, көктемнің басында ұсынатынын бірден айтқан еді. 16-наурызда Халыққа жолдауында Қасым-Жомарт Тоқаев «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» қағидатына негізделген бастамасын ұсынды. Жаңа Қазақстанды азаматтық қоғамы қалыптасқан тиімді мемлекетке айналдырамыз деп уәде етті. Суперпрезиденттік жүйеден кету үшін конституцияға өзгерістер жасауға тура келді. Жұмыс тобы қысқа ғана уақытта заңды зерделеп, ұсынысын әзірледі.

Жиында Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік органдардың сылбыр жұмыс істеуіне жол берілмейтінін тағы да еске салып, соңғы үш жылда еліміздегі және әлемдегі жағдайдың түбегейлі өзгергенін айтты.

Енді бұл түзетулер Конституциялық Кеңестің қарауына өтті. Бірнешеуіне тоқталып өтсек. Мәселен енді мемлекет басшысы мен конституциялық соттың төрағасы және судьялары, Орталық сайлау комиссиясы мен Жоғары Аудиторлық палатаның төрағасы және мүшелері қандай да бір партияға мүше болмайды. Бұл саяси бәсекелестіктің әділ өтуіне ықпал етіп, белгілі бір топқа басымдық берудің алдын-алады.

Сара Идрышева, ҚазГЗУ жеке құқық кафедрасының профессоры:
Менің ойымша ең батыл қадамы ол президент өзінің саяси партиялардан мүшеліктен шеттеуі. Бұрын бізде президент саяси ұйымның мүшесі де төрағасы да болуға мүмкін болатын. Қазір біздің президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың оны алып тастауға батылдығы болды. 

Конституцияда президенттің туыстары жайлы да арнайы тармақ болады. Яғни оның жақын туыстарына саяси қызметке келуіне тиым салынады. Тіпті ауыл әкімі де бола алмайды. Бұдан бөлек Самұрық-Қазына секілді квазимемлекеттік салада лауазымды қызмет атқаруына заңмен шектеу қойылады. Бұл өткен тарихтан алған сабағымыз. Облыс әкімдерін тағайындау жүйесі де өзгереді. Енді президент жергілікті мәслихаттардың қарауына кем дегенде екі кандидат ұсынады. Депутаттардың көп дауысын алған, яғни жанама сайлауда жеңіп шыққан үміткер әкім болады.

Марат Бәшімов, Еуропалық құқық және адам құқықтары институтының директоры:
Альтернатива түрде, бұның барлығы да демократияның принциптарын жоғары деңгейге көтереді. Нығайта береді. Шынын айтса мына өзгерістердің бәрі де біздің халыққа керек нәрсе. Халық оны күтіп отыр. Өзгерістерді барлық жағынан да. Сол үшін осы конституциялық өзгерістер барлығы да тарихи нәрсе. Ол біздің құқықтық саяси жағдайдың барлығын да өзгертеді. Және ең қорытынды нәрсе бұл біздің халыққа пайдасы болады.

Депутаттардың құзыретімен қатар жауапкершілігі де артады. Енді тіке сайлау арқылы түскен халық қалаулылары сенімді ақтай алмаса, онда сайлаушылар оны мандатынан айыра алады.

Индира Әубәкірова, заң ғылымдарының докторы, ҚазГЗУ ғылым комитетінің мүшесі:
Бұл түзетулер еліміздің саяси жүйесін демократияландыру, модернизациялауға үлкен әсер етеді. Адамдардың саяси, әлеуметтік салада құқықтары кеңейіп отыр. Бірнеше құқық қорғау институттары іске қосылып отыр. Билік пен қоғам қарым-қатынасының жаңа моделі қалыптаспақ. Осы түзетулер күшіне енген соң біздің азаматтарымыз құқықтық тұрғыдан барынша қорғауға ие болады.

Айтпақшы осы өзгерістермен қатар Тұңғыш президент туралы заңға да түзетулер енгізілмек. Яғни сайлауға 2 реттен артық түсу мүмкіндігі алынып тасталады. Дегенмен Нұрсұлтан Назарбаевтың Конституциядағы Тәуелсіз Қазақстанның негізін қалаушы ретіндегі Тұңғыш Президент тарихи статусы сақталады.

Шерхан Жамбылұлы


Хабарламаларға жазылу