Конституцияға енгізілетін түзетулер Тәуелсіз Қазақстан тарихының жаңа парағын ашады. Кеше Ақордада мемлекет басшысы Ата заңымызға өзгертулер енгізу жөнінде кеңес отырысында осылай деді. Бұл Жаңа Қазақстанды құрудағы маңызды белес болмақ. Оған сәйкес президенттің өкілеттігі қысқарып, парламенттің құзыры күшейеді. Азаматтардың билік ісіне қатысуы едәуір артып, құқық қорғау саласы реформаланады.
Ата заңға енетін өзгерістердің бірі лауазымды тұлғалардың саяси партияларға мүшелігі туралы болмақ. Енді мемлекет басшысы мен конституциялық соттың төрағасы және судьялары, Орталық сайлау комиссиясы мен Жоғары Аудиторлық палатаның төрағасы және мүшелері қандай да бір партияға мүше болмайды. Бұл саяси бәсекелестіктің әділ өтуіне ықпал етіп, белгілі бір топқа басымдық берудің алдын-алады.
Сара Идрышева, ҚазГЗУ жеке құқық кафедрасының профессоры:
Менің ойымша ең батыл қадамы ол президент өзінің саяси партиялардан мүшеліктен шеттеуі. Бұрын бізде президент саяси ұйымның мүшесі де төрағасы да болуға мүмкін болатын. Қазір біздің президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың оны алып тастауға батылдығы болды.
Конституцияда президенттің туыстары жайлы да арнайы тармақ болады. Яғни оның жақын туыстарына саяси қызметке келуіне тиым салынады. Тіпті ауыл әкімі де бола алмайды. Бұдан бөлек Самұрық-Қазына секілді квазимемлекеттік салада лауазымды қызмет атқаруына заңмен шектеу қойылады. Облыс әкімдерін тағайындау жүйесі өзгереді. Енді президент жергілікті мәслихаттардың қарауына кем дегенде екі кандидат ұсынады. Депутаттардың көп дауысын алған, яғни жанама сайлауда жеңіп шыққан үміткер әкім болады.
Марат Бәшімов, Еуропалық құқық және адам құқықтары институтының директоры:
Альтернатива түрде, бұның барлығы да демократияның принциптарын жоғары деңгейге көтереді. Нығайта береді. Шынын айтса мына өзгерістердің бәрі де біздің халыққа керек нәрсе. Халық оны күтіп отыр. Өзгерістерді барлық жағынан да. Сол үшін осы конституциялық өзгерістер барлығы да тарихи нәрсе. Ол біздің құқықтық саяси жағдайдың барлығын да өзгертеді. Және ең қорытынды нәрсе бұл біздің халыққа пайдасы болады.
Депутаттардың құзыретімен қатар жауапкершілігі де артады. Енді тіке сайлау арқылы түскен халық қалаулылары сенімді ақтай алмаса, онда сайлаушылар оны мандатынан айыра алады.
Индира Әубәкірова, заң ғылымдарының докторы, ҚазГЗУ ғылым комитетінің мүшесі:
Бұл түзетулер еліміздің саяси жүйесін демократияландыру, модернизациялауға үлкен әсер етеді. Адамдардың саяси, әлеуметтік салада құқықтары кеңейіп отыр. Бірнеше құқық қорғау институттары іске қосылып отыр. Билік пен қоғам қарым-қатынасының жаңа моделі қалыптаспақ. Осы түзетулер күшіне енген соң біздің азаматтарымыз құқықтық тұрғыдан барынша қорғауға ие болады.
Айтпақшы осы өзгерістермен қатар Тұңғыш президент туралы заңға да түзетулер енгізілмек. Яғни сайлауға 2 реттен артық түсу мүмкіндігі алынып тасталады. Дегенмен Нұрсұлтан Назарбаевтың Конституциядағы Тәуелсіз Қазақстанның негізін қалаушы ретіндегі Тұңғыш Президент тарихи статусы сақталады.
Сонымен қатар ата заңға Жоғары аудиторлық палата, адам құқықтары жөніндегі уәкіл, заңдарды қабылдау процесіне өзгерістер енгізу сынды түзетулер жасалады. Ал конституциялық соттың жұмысын анықтайтын нормалар келер жылдың 1 қаңтарында іске қосылады. Оған дейін біршама заңдарға өзгеріс енгізіледі. Ал Мәжіліс депутаттарына қатысты жаңа заңдар 8-шақырылымдағы сайлаудан бастап іске асады.
Шерхан Жамбылұлы