«Мемлекеттік төңкеріс жасамақ болды» деп айыпталып жатқан Кәрім Мәсімовтің туысқан бауыры Нұрлан Мәсімовке іздеу жарияланды! Павлодар облысы полиция департаментінің экс-басшысы да күдікке ілініп, тергеу басталды. Сот оны қамауға алу туралы санкция шығарып қойған. Бірақ генерал-майор ұшты-күйлі жоқ.
Қазбек Марданов, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті басшысының орынбасары:
Павлодар облыстық Полиция департаментінің бұрынғы бастығы Мәсімов аса ірі көлемде пара алды деген күдік бар. Осы дерек бойынша «қамауда ұстау» жөніндегі санкцияны тергеу соты сырттай бекітті. 21-ші сәуірден бастап Мәсімовке іздеу жарияланды.
Сондай-ақ Алматы қалалық мәслихатының депутаты, Қайрат Құдайберген қамауға алынды. Белгілі кәсіпкер және блогер «Қаңтар оқиғасын ұйымдастырды және жаппай тәртіпсіздікке қатысты» деген күдікке ілінген. Бас прокуратура әзірге, өзге мәліметті жарияламай отыр. Ал кейбір ақпарат көздері, 38 жастағы депутат, тәртіпсіздік кезінде «Дикий Арман» аталып кеткен Арман Жұмагелдиевтің жанында болған деп жазып жатыр.