Министрлік есебі: Өтініштердің 70 пайызы сапасыз медициналық көмекке қатысты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Министрлік есебі: Өтініштердің 70 пайызы сапасыз медициналық көмекке қатысты

22.04.2022

Денсаулық сақтау министрлігіне келіп түскен өтініштердің 70 пайызы сапасыз медициналық көмекке қатысты. Бұл туралы Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті төрағасының орынбасары Лаура Ахметниязова айтты. Өткен жылы медициналық ұйымдарда пациенттерді қолдау қызметіне 5600 өтініш түскен. Оларды қарау үшін комиссиялар құрылып, қосымша тәуелсіз сарапшылар тартылды. Ал нәтижелері бойынша тиісті әкімшілік шаралар қабылданған.

Лаура Ахметниязова, ҚР ДСМ Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті төрағасының орынбасары:

Өкінішке орай, сапасыз медициналық көмек көрсету бойынша өтініштер саны бәрінен артық - 70%. Дегенмен, көп бөлігі медициналық ұйымның өзінде шешілуі мүмкін еді. Сондықтан біз пациенттерге қолдау көрсету қызметі жұмысының тиімділігіне баса назар аударамыз.

Халықпен кері байланысты нығайту, медициналық көмектің сапасын арттыруға қатысты бірқатар шаралар қабылданбақ. Бастапқы медициналық көмек көрсету саласы жетілдіріледі. Бұдан былай жалпы практика дәрігері, медбикелер, әлеуметтік қызметкер мен психологтан тұратын мульти-дисциплинарлық команда жасақталады. Олар отбасылық қызмет көрсету қағидаты, аумақтық қолжетімділікті қамтамасыз етуі тиіс. Аталған тәсілдер учаскелік қызметтен бастап мамандандырылған медициналық көмекке дейінгі емдеудің барлық кезеңдерінде көрсетілетін медициналық көмектің үздіксіздігі мен сабақтастығын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.


Хабарламаларға жазылу