Дәрігерлердің жаппай вирус жұқтыруының себептері анықталуда - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Дәрігерлердің жаппай вирус жұқтыруының себептері анықталуда

29.04.2020

Жаппай вирус жұқтырған Алматы қалалық ауруханасында аурудың өршуіне қатысты алдын-ала болжамдар анықталды. Еліміздің бас санитар-дәрігері Айжан Есмағамбетованың айтуынша, мекемеде ауру жұқтырғандарды сұрыптау дұрыс жүргізілмеген. Пациенттер мен мамандар қозғалысы, арақашықтығы жүйеленбеген. Қорғаныш құралдарына қатысты да сұрақтар көп екенін айтады министрлік өкілдері. Қазір бас прокуратура да тергеу тексеру амалдарын бастап кеткен.

Елімізде коронавируспен науқастанған медицина мамандарының саны бүгін 906-ға жетті. Басым бөлігі Алматы, Нұр-Сұлтан, Шымкент қаласында тіркелген. Олардың 500-ге жуығы инфекциялық емдеу ісінде емес, ауруханаларда, қызметтен тыс уақытта жұқтырған. Осыған байланысты көпшілік арасында ақ халаттылар үстемақы үшін ауырды деген пікірлер айтылды. Тәжірибелі маман Динагүл Баешова мұны жоққа шығарып, вирустың алдында бәріміздің де әлсіз екенімізді ескертті.

Министрлік мамандарының денсаулығын жаппай тексеру жұмыстары жалғасып жатыр. Бүгінде коронавирусқа қарсы тестілеуден ақ халаттылардың 70 пайызы өткен.

Раушан САЙЛАУҚЫЗЫ


Хабарламаларға жазылу