Батыс Қазақстанда жолдардың 70 пайызы сапасыз - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Батыс Қазақстанда жолдардың 70 пайызы сапасыз

27.06.2021

Батыс Қазақстанда жолдардың 70 пайызы сапасыз.Таяқтың бір ұшы «Қазавтожол» ұлттық компаниясына барып тиеді. Мекемеге тиесілі Бөкей ордасы, Жәнібек бағытындағы республикалық жол құрылысы салынбай, мерзімінен кешігіп жатыр. 2019 жылы құрылыс басталады дегенде халық сүйінші сұраған еді. Өйткені жұрт жылдар бойы жол азабын тартып келеді. Жазда шоқалақ, күзде батбақ, қыста қар, көктем – көк мұз. Бірақ үш жыл өтті. Бұл жолды әкім де, ақын да жырлап келеді. Біз де әлі жырлайтын түріміз бар. Өйткені жол құрылысы тағы екі жылға созылды.

Жол болмаса, тіршілік жоқ. Оны таратып айтудың қажеті шамалы. Бірден болмаса да, біртіндеп жөндеуге, қайта төсеуге бюджеттен көп, өте көп ақша бөлінеді. Бірақ соны уақытында істемейді. Бұл онсыз да өз күнін өзі көріп жүрген адамдардың мемлекетке деген сенімін одан сайын селдіретін фактордың бірі. Батыс Қазақстаннан Ардақ Мұратқызының материалы.

Күні кешегі жауында көліктер тағы далада қалды. Бұл облыс орталығынан 500 шақырым қашықтағы Бөкей ордасы ауданына барар жол. Жауын болса, жер езіліп кетеді. Батпаққа батқан көліктер бір-бірін сүйреп әлек.

Мереке Кикенов,  такси жүргізушісі, ауыл тұрғыны:
Қиын-қиын енді, бір сутка, сутка жарымдап жүріп келіп жатырмыз. Талай жігіттер мәшинесін қинап балшықта, моторлары да кетіп жатыр. Далада қалса да, бір-бірінің мәшинесін сүйреп, бір-біріне көмектесіп, сөйтіп жүр.
Эдуард Қарабалин, такси жүргізушісі, ауыл тұрғыны:
Негізі 6-7 сағат жүреміз, бірақ жолдың қиын кезінде 16-19 сағат жүріп келіп жатырмыз, балшық, қар кезінде. Соңғы кезде Жаңақала мен Чапайдың екі ортасы да нашарлап кетті ғой. Ойық-ойық, дөңгелегіміз жарылып жатады.

Оралды үш ауданмен жалғайтын «Казталов-Жәнібек-Ресей шекарасы» және «Өнеге-Бисен-Сайқын-Ресей шекарасы» республикалық жолының құрылысы 2019 жылы басталып, биыл бітуі тиіс еді. Алғаш ақжолтай жаңалықты естігенде бөкейліктер бөркін аспанға атып қуанды. Бірақ...

Қалампыр Байуәлиева,  ауыл тұрғыны:
Өніп жатқан ештеңе жоқ. Жол болады деп қуанғанымызбен, Сайқыннан шыққан жол 10 шақырым да салынған жоқ. Екі жыл, биыл үшінші жылға кетіп тұр, 10 шақырымға да ұзарған жоқ.

Үш жыл бұрын басталады деген жол үш шақырым да салынбады. Былтыр пандемияның кесірінен жұмыс кешеуілдеді. Биыл құрылыс тағы екі жылға созылды. Енді халық 2023 жылды күтуі керек. «Әләуләйлім таусылса, хәләуләйлім тағы бар». Осы жылы бітуі тиіс 120 шақырым жолды жөндеу кестеден бір айға кешігіп жатыр.

Тұрарбек Тілемісов, облыстық мәслихат депутаты:
Халық қиындық көріп отыр. Жолда жүре алмай жатыр. Азық-түлік өсіп жатыр. Оралда ештеңе емес, ана жаққа көлік бара алмай жатыр. Жол 30-35 күнге кешігіп жатыр кестеден. 

Жолдың жайын көзімен көріп келген депутат бөлінген қаражат игерілмей қала ма деп алаңдайды. Биыл жолға 20 млрд.теңге бөлінген. Алайда бекітілген 5 мердігердің біреуі ғана құрылысты бастаған. Қалғандары, тіпті салық органында тіркелмепті.

Ғали Есқалиев, облыс әкімі:
Мол жаңбыр болды осы 2 айда, сондықтан жұмыс өте баяу жүріп жатыр. Жол салуға 4 ай, яғни 120 күн қалды. 120 күнде 120 шақырым салу, әрине, оңай емес. Былтырғы, биылғы бөлінген қаражат дұрыс, уақытылы игерілмесе, әр мердігер бойынша министрлік деңгейінде сұрақ көтереміз. Мүлдем лицензиясынан айыру немесе үлкен айыппұлдар салу жайлы ұсыныстарымызды беріп жатырмыз.

 Жұрттың ат-көлігін аздырып, жүйкесін тоздырған жолға «Қазавтожол» кәсіпорны жауапты. Республикалық жол аумағындағы 80 елді мекенде 60 мыңнан аса адам тұрып жатыр. Мекеме басшысы депутат сөзін жоққа шығармады. Дегенмен келесі жылдың соңында аяқтаймыз, дәлірегі – аяқтауға тырысамыз дейді.

Әмір Кәрімбаев, «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы БҚО филиалының директоры:
Төрт мердігер анықталды, олар толығымен асфальтобетон зауыттарын, қалашықтарын әкеліп, техникасын жұмылдырып, бүгінгі күні толықтай жұмысқа кірісті. Былтыр қаражат тапшылығына байланысты толық жұмысқа кірісе алған жоқ. Биыл қаражат жақсы бөлініп, мердігерлер жұмысқа кірісті. Алайда жылдың маусым-мамыр айларында жаңбыр жауып, графиктен қалулар бар. Келесі шілде айында осы графикке жетіп, жылдың аяғында қойылып отырған жоспарларды орындауға тырысамыз.

«Былтыр бөлінген 8 млрд теңгеге тек 6 шақырым жол салынған» деген депутат ақпарына «Қазавтожол» басшысы ол қаражатқа құрылыс материалдары сатып алынып, топырақ үйіп, тегістеу жұмыстары да істелгенін айтты. Облыста 1 шақырым жол салу 1 млрд емес, 200 млн теңге тұратынын да өзі хабарлады. «Жол сапасы бақылаусыз» дегенмен де келіспейді: «Өзім шығамын, техникалық қадағалау да бар» деді. Бірақ ұлттық сапа орталығының бағасы мынадай:

Зәуірбек Қыпшақбаев, «Жол активтері ұлттық сапа орталығы» РМК БҚО филиалының инженері:
Техникалық қадағалау деген болады, олар өте әлсіз жұмыс істеуде. Көбі арнайы құрал-жабдықтармен жабдықталмаған не жұмыс басында болмай жатады. Сол себептен мердігерлер саябырсып, ақаулық кетіп жатады. Олар өз кезегінде материалдарды экономдау сияқты салғырттық танытады.

 Сапасы сын көтермейтін жолдың бірі – Орал-Атырау тасжолы. Соңғы рет 15 жыл бұрын жөнделген. Қазір тоз-тозы шыққан.

Ардақ Мұратқызы,  тілші:
Жергілікті жұрт Орал-Атырау тасжолын «өлім трассасы» деп атап кеткен. Жыл басынан бері осы жолда 99 көлік апаты болып, 43 адам қаза тапты. Бір ай бұрын көлік малға соқтығысып, бір үйден үш адам опат болды. Тасжолда темірден келген ажалға тізгіншінің тәртібімен қоса, қараусыз мал да, жолдың қар-мұздан аршылмауы да, сапасы да себепкер дейді мамандар.

Дала түгіл, қаладағы көшелер опырылып жатыр. Былтыр төселіп, биыл тесіліп жатқаны көп. Сапасыз жолды сынап жүрген қоғам белсендісі кем-кетікті тізіп қоймай, өз ұсынысын да айтты.

Азамат Мүсілов, қала тұрғыны:
Жол салу жүйесін өзгерту. Бүгінгі күні біздер кеңес жүйесімен салып келе жатырмыз әлі. Ол жүйе бүгінгі көліктің көптігіне есептелмеген. Ең бірінші, документация дейді ғой, құжаттама, соны өзгерту керек. Екіншіден, ақшаны тек қана бөліп қана қоймай, оны бақылау керек. Үшіншіден, қоғаммен жұмыс істеп үйрену керек.

Өңірдегі жолдың 34 пайызы ғана талапқа сай. Бұл елдегі ең төменгі көрсеткіш. Ең бастысы, көрші елдің Орынбор, Волгоград, Астрахан облыстарымен шектесетін талқаны шыққан тасжолдарды түзеу үшін, ең әуелі ...намыс керек секілді. Қашанғы жолсыз жолмен жүреміз? Қашанға дейін халық азап шегеді? Есеп комитеті айғақтаған 300 млрд игерілмеген қаржыға осы жолдарды он қайтара төсеуге болар еді. Әттең...


Хабарламаларға жазылу