Шымкент қаласында 500-ге тарта отбасы апатты жағдайдың алдында тұрған пәтерлерде күн кешіп жатыр. Әбден тозығы жеткен көпқабатты тұрғын үйлердің алды осыдан 80 жыл бұрын салынған. Тұрғындар шатыры сынып, қабырғасы қақыраған баспаналарына сақтанып кіріп, үреймен тіршілік етуде.
Ағаштан тұрғызылған екі қабатты баспана 1939 жылы салынған. Бір кездегі сәулетті саналған баспана қазір жапырайған кепеге айналды. Жыртық үйдің шатырынан ағатын жаңбыр суынан қабырғалар сарғайып кеткен. Ағаш еден шіріп бастаған. Зейнет жасындағы Анар Нақыпова 40 жылдан бері осы үйде тіршілік етіп келеді.
Анар Нақыпова, қала тұрғыны:
Су ағады, дуалдарының бәрі түсіп, үгітіліп құлап жатыр. Жаңбыр күндері екінші қабаттан су ағып әбігерге түсеміз.
Қазір Шымкенттегі тап осындай 107 көпқабатты тұрғын үй апатты жағдайға жеткендіктен ең алдымен бұзылатындардың санатында. Арзандау болғандықтан көпбалалы, тұрмысы нашар отбасылар амалсыз осында пәтер жалдап тұрып жатыр. Көбінің сырты бүтін көрінгенімен, ішіне кіру қорқынышты.
Кенжехан Дүйсенбі, қала тұрғыны:
Ғасыр жасаған үйлер ғой, алды 100, кейінгілеріне 70-80 жыл болған. Электр желілері де тозған. Қашан өрт шығып кетеді деп үреймен өмір сүреміз. Мұның жөнделгені дұрыс қой.
Жергілікті билік енді реновация бағдарламасы аясында олардың орнына жаңасын салуды жоспарлап отыр. Келісімге сай ескі үйлердің иелеріне бірінеше қолайлы ұсыныс жасалмақ. Оның бірі пәтерін инвесторға сату немесе олар ұсынған жаңа үйге барып жайғасу.
Ғалымжан Өтембаев, Шымкент қаласы Тұрғын үй басқармасының басшысы:
Екінші нұсқасы жоқ, мен осы жерде тұрамын деген шешім қабылдайтын болса, меншік иесі құрылыс мерзімі кезінде жалға беруші мердігер инвестор өз мойнына алады. Құрылыс біткен соң қабаты, шаршы метріне сәйкестендіріп береді.
Шаһарда 2 мыңнан астам көпқабатты үй болса, соның тек үштені бірі ғана еліміздің Тәуелсіздігі жылдарында салынған. Сондықтан олар да кезең-кезеңімен жаңартылатын болады.
Ғани Қалмаханов