Бүгін Украинаның Киев, Львов, Днепро-петровск қалаларында бірнеше дүркін жарылыс болды. Ресей әуе күштері бұл қалаларды зымыранмен атқылап, Львовта 7 адамды мерт қылып, сегізін жаралаған. Ал, Днепро-петровскте 2 тұрғын зардап шекті. Сонымен қатар, Ресей әскері Николаев пен Харковьқа да соққы берді. Жалпы алғанда, Ресейдің әскери авиациясы өткен түні Украинада 315 нысанды қиратқан. Қоршауда қалған Мариупольдегі жағдайға тоқталсақ, ондағы «Азовсталь» зауытына орналасқан украин жауынгерлері, Ресейдің қару тастап, берілу туралы талабын орындаған жоқ. Украина премьер-министрі мәлімдегендей, украин әскерінің берілуге ниеті жоқ және Мариуполь әлі құламаған.
Медведчук, өзін Ресейге тапсыруды сұрады
Ал, жақында ұсталған ресейшіл саясаткер Виктор Медведчук бүгін Украина мен Ресей басшыларына өтініш жасады. Видео мәлімдемеде ол өзін Мариупольде тұтқынға түскен украиналық жауынгерлерге айырбастап, Мәскеуге тапсыруды сұраған.
Киев Еуропа одағына өту туралы сауалдарға жауап берді
Украина Еуропа одағына өту жайлы сұрақтарға жауап беруді аяқтады. Президент Владимир Зеленский әкімшілігінің мәлімдеуінше, Киев аталған одаққа мүшелікке кандидат мәртебесін маусымда алуы мүмкін.
Арыстанбек Рысбек