Басты Жаңалықтар «Amanat» партиясының мобильді топтары шалғай ауылдарды аралап, елдің шағымын тыңдайды

«Amanat» партиясының мобильді топтары шалғай ауылдарды аралап, елдің шағымын тыңдайды

Түркістан облысы Жеңіс ауылы тұрғындарының емхана жанынан дәріхана ашылса деген өтініші бар. Қариялар дәрі-дәрмек алу үшін аудан орталығына баруға мәжбүр. Елдімекенде газ да жоқ. Әне-міне құбыр тартыладымен елдің тағаты таусылған. Су да тапшы. Жүзден аса шаруа қожалығына жетпейді. Арналарға күрделі жөндеу қажет.

Әділбек Ұсманов, тұрғын: 
Су сыйымдылығы секундына 2000 куб текше метр болған. Қазіргі таңда 1400 метрге азайған. 600 литр су сыймайды. Салдарынан халық дер кезінде су іше алмайды.
Асқарбек Жаңабекұлы, ардагерлер кеңесінің төрағасы: 
Елімізде газ мәселесі өзекті. Біздің ауылымызға келуі қиын болып тұр.  Ауылда 2500 адам, шағын 420 үй бар. 

«Amanat» партиясының өкілдері Ақтөбе, Темір, Қарақоңыр және Қоғам ауылдарын аралады. Халықтың қалауы - шаруашылықтарды субсидиялау. Мектептер мен балабақша салынып, жер телімдері бөлінсе дейді. Мобильді топ мүшелері Солтүстік Қазақстанға да барды. Ойдым-ойдым жол, тас қараңғы көшелер көпшіліктің көңілін күпті еткен. Ал, Келлеровка елдімекенінің халқы суды тасып ішеді. Тарифі де тиімсіз. Орталық сумен жабдықталмаған.

Әлия Садырбаева, «Amanat» партиясы республикалық қоғамдық қабылдау бөлмесінің меңгерушісі: 
Аталған мәселелер республика деңгейінде қаралуы керек. Экология министрлігіне осы сұрақтарды қоямыз. Оның ішінде «Қазсушар» мекемесіне қатысты түйткіл жетерлік. Келлеровкада 2 жарым мың адам тұрады. XXI ғасырда судан осындай проблема туындауы әрине ақылға қонымсыз. 

Нысаналы Ығыл


Бөлісу