Нұр-Сұлтанда инновациялық өнімдер көрмесі өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Нұр-Сұлтанда инновациялық өнімдер көрмесі өтті

12.04.2022

Қаржылай қолдау болса қазақстандық ғалымдар қоғам мен бизнеске тың технология, жаңа өнім ұсынуға дайын. Қазірдің өзінде елімізде мемлекеттік грант арқасында инновациялық жобасын жүзеге асырған өнертапқыш аз емес. Соңғы екі жылда республикалық бюджеттен ғылымға бөлінетін қаржы екі есеге көбейіп, биыл 83 миллиард теңгеден асты. Отандық ғалымдардың ілкімді жобаларын әріптесім Берік Көшербай тамашалап қайтты.

Әлібек Мутушев әріптестерімен бірге бактерицидтік-сорбциялық таңғыш ойлап тапқан. Медицина үшін маңызды жобаны жүзеге асыруға 299 миллион теңге грант алған. Өнім клиникалық апробациядан өткен. Патент те бар. Енді тіркеу құжаттары толық реттелген соң таңғыштың коммерциялық өндірісі басталады.

Әлібек Мутушев, ғалым:
Біз көптеген эксперимент жүргіздік. Сол кезде үлкен жаралар 3-4 күннен кейін қара қотырланып, жазыла бастаған белгілері пайда болады.

Көрмеге негізінен медицина, машина жасау, химия өнеркәсібі, экология және IT-технологиялар салаласындағы ғылыми жобалар қойылды. Әрқайсысынан ғылым мен бизнестің байланысын байқауға болады. Ал мұндай интеграция - экономиканың инновациялық дамуының негізі. Жаңа технология жерді өңдеу кезінде уақыт пен шығынды үнемдеуге мүмкіндік береді. Бүгінде Қостанай, Қарағанды және Солтүстік Қазақстан шаруалары осы қондырғының игілігін көріп отыр. Жалпы, қаржылай қолдау болса, қазақстандық ғалымдар елге керек осындай талай пайдалы дүние жасауға дайын.

Құрманғазы Омаров, «Ғылым қоры» ақ департамент басшысы:
Бізде қазыр жалпы 151 жоба жүзеге асырылуда. Олардың 120-сы өздерінің алғашқы коммерциалық сатылым деңгейіне қол жеткізген. Сатылымның жалпы көлемі 20 млр теңгеге жуықтап қалыпты. Бұл өте үлкен жетістік деп ойлаймын. Бұрын еліміздің ғалымдарының ғылыми әзірлемелері өндіріске енгізілмей, көбінде шаң басып сөреде қалатын.

Алдағы уақытта қазақстандық ғалымдардың өнімін шетелдік нарыққа да шығару көзделген. Бұл елімізді технологияларды экспортайтын мемлекетке айналдыру бағытындағы жұмыстың бір парасы. Ғылым күніне орай отандық өнертапқыштардың форумы да өтіп, үздік ғалымдар марапатталады

Берік Көшербай

Хабарламаларға жазылу