Елордада «Ғылыми және ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыру» көрмесі өтуде - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елордада «Ғылыми және ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыру» көрмесі өтуде

12.04.2022

«Ғылыми және ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыру». Бүгін Елордада осындай атаумен форум-көрме өтіп жатыр. Мұнда жұртшылық ғалымдардың түрлі салада жүзеге асқан ғылыми жобаларын тамашалауға болады.

Берік Көшербай, тілші:
Көрмеге коммерциаландыру бағытындағы грантқа қол жеткізіп, нақты жүзеге асқан жобалар қойылған. Олар бұған дейін өткен байқауларда жеңімпаз деп танылып, әрқайсысына шамамен 300 млн теңгеге дейін мемлекеттен қаржы бөлінген. Қазір олар нарыққа өздерінің инновациялық өнімдері мен қызмет түрлерін шығарып отыр. Яғни біз бұл жерде ғылым мен бизнестің тиімді интеграциясын көріп тұрмыз. Ал бұл дегеніміз – экономиканың инновациялық дамуының негізі.
Құрманғазы Омаров, «Ғылым қоры» АҚ департамент басшысы:
Бізде қазір жалпы 151 жоба жүзеге асырылуда. Олардың 120-сы өздерінің алғашқы коммерциялық сатылым деңгейіне қол жеткізген. Сатылымның жалпы көлемі 20 млрд теңгеге жуықтап қалыпты. Бұл – өте үлкен жетістік деп ойлаймын. Бұрын еліміздің ғалымдарының ғылыми әзірлемелері өндіріске енгізілмей, көбінде шаң басып сөреде қалатын.
Берік Көшербай, тілші:
Алдағы уақытта қазақстандық ғалымдардың өнімін шетелдік нарыққа да шығару көзделген. Бұл елімізді технологияларды экспортайтын мемлекетке айналдыру бағытындағы жұмыс деп білуіміз керек. Бүгінгі көрмеге негізінен медицина, ауыл шаруашылығы, машина жасау, химия өнеркәсібі, экология және IT-технологиялар саласындағы ғылыми жобалар көрсетіліп жатыр. Түстен кейін ғылым қызметкерлері күніне орай пленарлық отырыс өтіп, үздік ғалымдар марапатталады.

Берік Көшербай


Хабарламаларға жазылу