Үкімет отырысы: Бірқатар министрлік 15 млрд теңгені игере алмаған - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Үкімет отырысы: Бірқатар министрлік 15 млрд теңгені игере алмаған

12.04.2022

Осы жылдың бірінші тоқсанында бірқатар министрлік 15 млрд теңгені игере алмаған. Бұл туралы Үкімет отырысында айтылды. Қазына қаржысын уақытында пайдалануға құжат рәсімдеудің тым созылып кететіні кедергі.

Дарын Сағитов, тілші:
Әуелі жыл басынан мемлекеттік бюджетке 3 трлн 700 млрд теңгеден астам кіріс түскенін айта кетейік. Бұл – трансферттерді есепке алмағандағы қаржы. Ал 3 айда игерілмей қалған қаржы көлемі 20 млрд теңге. Дегенмен оның 5 миллиарды үнемдеу арқылы ведомстволар қоржынында қалып отыр. Ал қалған 15 млрд теңгені Денсаулық сақтау, Мәдениет және спорт, Сыртқы iстер, Экология, геология және табиғи ресурстар министрліктері игере алмаған. Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаевтың айтуынша, қаражаттың игерілмеуіне шарттарды ұзақ жасау, шоттардың кеш ұсынылуы секілді көптеген құжатты рәсімдеудің ұзаққа созылып кетуімен байланысты болып отыр. Алғашқы 3 айда Алматы қаласы, Ақтөбе, Маңғыстау және Түркістан облыстары трансфертті игермеген. Жұмсалмаған қаражат 3 млрд теңге. Бірінші тоқсанында жалпы ішкі өнім 4,4% өсті. Ел экономикасының өсіміне өңдеуші өнеркәсіп салалары оң ықпал етіп отыр деді Үкімет басшысы.
Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-Министрі:
Биылғы қаңтар-наурыз айларының қорытындысы бойынша Ақмола, Алматы, Жамбыл, Шығыс Қазақстан облыстары, Шымкент қаласы және елордада барлық негізгі көрсеткіштер бойынша өсім бар. Қалған өңірлер жұмысты жандандыруы тиіс. Жалпы алғанда еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына шектеу шараларының әсерін барынша азайта алдық. Бұл жұмыстарды жалғастыруымыз керек.

Сонымен қатар енді Үкімет алдында тұрған күрделі міндеттердің бірі – инфляцияны ұстап тұру. Наурыздың қорытындысы бойынша, оның жылдық деңгейі 12% құрады. Мұның да өз себебі бар деді Үкімет басшысы. Біріншіден, Қазақстан сауда-саттық орнатқан елдерде де инфляция өсіп барады. Сонымен қатар әлемде азық-түлік бағасы қымбаттап отыр. Негізінен дәнді дақылдар, өсімдік майы, қант, ет пен сүт өнімдерінің бағасы өсті. Бұл отандық нарыққа да тікелей әсер етіп отыр. Премьер-Министр Президент тапсырмасына сәйкес алдағы 3 жылға арналған инфляция деңгейін бақылау және төмендету бойынша кешенді шаралар іске асырылып жатқанын да айтты.

Дарын Сағитов


Хабарламаларға жазылу