Әскери сарбаздар тәжік-ауған шекарасын қорғау кезінде қаза тапқандарды еске алды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Әскери сарбаздар тәжік-ауған шекарасын қорғау кезінде қаза тапқандарды еске алды

07.04.2022

Бүгін қазақстандық әскерлер үшін қаралы күн. Осыдан 27 жыл бұрын 7 сәуір тәжік-ауған шекарасында қазақстандық 17 жауынгер ерлікпен қаза тапты. Шабуыл жасаған содырларға қарсы тұрып, қазақ батальонының намысын қорғаған ерлердің есімі ел есінде. Құқықтық тәртіп әскері, Қорғаныс министрлігі, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметінің мамандары мен ардагерлер мерт болған сарбаздарды еске алды.

Еске алуға жиналғандар ерлікпен қазақ тапқан батырлардың рухына тағзым етті. Гүл шоқтарын қойды.

1993-2001 жыл аралығы. Тәжік-Ауған шекарасына Қазақстандық 2000нан аса сарбаз бен офицер бітімгерлік миссиясын орындауға барды. 1995 жыл 7 сәуірде Тәжікстанның Пшихавр тау шатқалында әскерлерге тұтқиылдан шабуыл жасайды.

Қайратбек Сәтбаев, Тәжік-ауған шекарасындағы қақтығысқа қатысушы:

Маджахеттердің мақсаттары біздің 1 сағатта жойып жіберу еді. Біз бес жарым сағат жан беріп жан алыстық. Ажалға тура қарадық бәріміз. Өкінішке орай 17 сарбазымыздан айырылдық. 01:50 бұл күнді біз тарихқа қанмен жазып кеткенбіз. 33-і жарақат алды. Әлі де болса зардабын шегіп келеді.

Жауға тойтарыс беріп, әскери қызмет жолында мерт болған батырлардың ерлігі елеусіз қалған жоқ. Президент жарлығымен ІІ дәрежелі «Айбын» орденімен 5 және 12 жауынгер «Жауынгерлік ерлігі үшін» медалімен марапатталды. Алғыс білдірген тәжік халқы қазақ әскерлерінің құрметіне Душанбеде монумент тұрғызды. Елімізде еске алу аллеялары мен ескерткіш тақталар ашылды. Сол сұрапыл соғыста қаза тапқан 17 жауынгердің бірі – Ербол Бекебаев. Ақжаулықты анасы ұлын сағынышпен еске алды.

Жанат Бекебаева, ерлікпен қаза тапқан Ербол Бекебаевтің анасы:

Өте құлшынды. Мен бәріне де шыдаймын деп. Қуанып кетті, шығарып салдым. Артынан осындай жағдай болады деп кім ойлаған. Бәрібір тірі олар. Мәңгілікке тірі. Ешкімде ұмытпайды. Сіздер, жауынгерлер тұрғанда ешқайсысы ұмытпайды.

Еске алу шеруінен соң, сарбаздардың қайсарлығын дәріптеген «Ерлікке апарар жол» кітабының тұсауы кесілді. Көрме ұйымдастырылды. Бұдан әрі бітімгер ардагерлер марапатталды. Жиын соңы ведомстволардың бірлескен концерттік бағдарламасымен қорытындыланды.

Раушан Сайлауқызы

Хабарламаларға жазылу