Қарағандыда көпқабатты тұрғын үйлерді су басты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қарағандыда көпқабатты тұрғын үйлерді су басты

06.04.2022

Қарағандыда Бұқпа өзені арнасынан асып, көпқабатты үйлердің жертөлесі суға толды. Ал қала басшысы бұл баспаналар рұқсат етілмеген аумаққа салынған, - деп отыр. Өңірде өзге де су басқан аулалар мен тасқын бұзған жол учаскелері де бар. Облыстағы ахуалды толығырақ тілшіміз Руслан Нұрланұлы баяндасын.

Руслан Нұрланұлы,тілші:

Осыдан бірнеше жыл бұрын ғана пайдалануға берілген мына жаңа үйлер дәл Бұқпа өзенінің іргесіне салынған. Енді міне тасқын судан ауласы, жертөлесі толып кеткен. Мұнда тұратын 50-ден астам отбасы қазір қауіпсіз жерге көшірілген. Себебі жертөледегі электр желілерінде қысқа тұйықталу болуы мүмкін,-дейді мамандар.

Соңғы екі күнде өзен қатты тасып, үйлердің ауласын су басқан. Қорыққан тұрғындар туыстарының үйін паналаса, біразы қонақ үйлерге орналасқан. Енді жылда осылай өзен таситын болса үйлердің құлайтыны сөзсіз,-деп қынжылады жұрт.

Ләззат Кәримоллақызы, қала тұрғыны:

Су көп келгенде машиналар өте алмай қалды. Біз балаларды осы үйден алып кеткенде эвакуация жасап біз әрең жүрдік. Кең, 130 квадрат, 3,20 потологымен деген соң қызығып алдық. Білген жоқпыз Бұқпа өзенінің үстінде тұрғанын мынаның.

Назгүл Шүкірхан, қала тұрғыны:

Застройщикпен сөйлестік. Ол айтады менікі заңды деп. Енді ол кісінікі заңды болса заңды шығар. Бірақ оны заңдастырып берген ғой. Енді оның барлығы жемқорлық қой айналып келгенде.

Қазір төтенше жағдай қызметкерлері мен коммуналдық сала мамандары жертөле мен ауладағы суды сыртқа ағызып, айнала құмды бөгеттер салып қойды. Тасқын уақытындағы жұмыстар аяқталған соң, бұл үйлердің салынған жері қаншалықты заңға сәйкес екені тексерілмек.

Ермағамбет Бөлекпаев, Қарағанды қаласының әкімі:

Бұл заңдылығын қазір тексеретін болады құқық қорғау органдары. Содан кейін шешім шығаратын боламыз. Енді біздің өзімізше мына үйді кеше біз қарадық. Қауіп бар. Өйткені плиталары да құлады. Экспертный организация бізге қорытындысын береді жағдайы қалай екенін. Егер қажет болса бұл үйді сносқа жібереміз.

Сондай-ақ, қаланың Сұрыптау станциясындағы жұмысшылар ауылында 8 үйдің ауласына су кірген. Бұған дейін топырақтан үйілген жалды тасқын су шайып кеткен. Абырой болғанда үйлерге су кірмеген. Тұрғындар тегіс аман.

Базаралы Қожахметов, Жұмысшылар ауылының тұрғыны:

Сағат 6-ның кезінде тесе бастады. Сол кезде уже звондадық. Мұз, үлкен үлкен сең мұздар. Айдап бірақ өте шықты бері қарай. Мал шығыны жоқ. Бірақ қораның ішін бәрін быт-шыт қылды.

Бүгін күн суытып, даладан келіп жатқан ағын судың қарқыны басылды. Өңір бойынша Абай ауданына қарасты Қоянды ауылына баратын жолды бір жерден тасқын бұзған. Осыған байланысты бұл бағыттарда көлік қозғалысы тоқтатылды.

Руслан Нұрланұлы

Хабарламаларға жазылу