Су тасқыны: БҚО-да төтенше жағдай мамандары көмекке келді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Су тасқыны: БҚО-да төтенше жағдай мамандары көмекке келді

05.04.2022

Батыстағы Қаратөбе ауданының үш ауылдық округінде құтқарушылар тұрғындарды аудан орталығына арқалап апарып жатыр. Өзен арнасынан асып, ауылды су басу қаупі төнгендіктен, бірнеше жолды қолдан жыруға тура келген. Салдарынан ауылға қатынас үзілді. Аққозы, Саралжын, Қараөткел елдімекендері тұрғындарын құтқарушылар жаяу көпірге дейін арқалап апарып, Қаратөбеге жеткізіп жатыр. Оларың арасында жүкті әйелдер де бар. Өзен арнасының деңгейі тасқын басталғалы 1,5 метрге дейін көтерілген. Қазір аудан орталығына да қауіп төніп тұр.

Ернұр Өтегенов, Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің бастығы:

Аламдарды жаяу өткізу кезінде су тайыз болғасын, қайық өте алмады. Сондықтан біздің адамдарымыз шынымен арқасына тасып, өткізді, ондай жағдай болды. Қалдығайтының көтерілуіне байланысты шет жақта тұрған бес-алты үйге қауіп төніп 4 мың қапшық төселді.

Ауылға баратын жолды су шайды

Қостанай облысындағы Қабырға ауылына да қатынас үзілді. Аудан орталығы Аманкелді кентінен 64 шақырым қашықтағы бұл елді-мекенде 300-ге жуық адам тұрады. Даладан ағып келген қар суы орталықпен байланыстыратын күре жолды бірнеше жерден бұзған. Кей жерлерде тіпті ауыр техниканың өзі өте алмайды. Алғаш рет жолды тасқын су 2017-ші жылы бұзыпты. Бірақ одан кейін суағар құбырлар орнына қайта қойылмаған, жол жөнделмеген. Себебі ауылда тұрғындардың аздығына байланысты бюджеттен қаражат бөлінбеген.

Қала көшелерін су басты

Қарағанды көшелерін де су басты. Коммуналдық қызмет түннен бері даладан толассыз келіп жатқан суды тоқтатуға бөгет салғанымен, тасқын оны бұзып кетіп, үйлердің жертөлесіне кірген.Мамандар ол суды сорғызып, кептірген. Алайда бүгін кешкілік жағдай қайта ушықты. Биыл далаға қар өте көп мөлшерде түскен, әрі күн күрт жылыды. Бұрындары даладан келетін судың барлығы қала сыртындағы арықпен ағып, Бұқпа өзеніне құятын. 90-шы жылдары бұл маңда жаппай құрылыс жүріп, арықты бітеп тастаған.

Су басу қаупі бар аймақтар картасы қайта жасалады

Ал, Павлодар облысында су басу қаупі бар аумақтар картасы қайта әзірленеді. Себебі, биыл қаперсіз отырған ауылдарға су кірді. Бір отбасы баспанасыз қалды. Сайдан құйылған тасқын Рождественка ауылындағы 30 үйдің ауласын толтырып жіберген. 2015 жылы да елдімекенді су басқан еді. Алайда кейін дәл осы ауылды қауіпті мекендер тізімінен сызып тастаған. Қазір осы мәселеге қатысты қызметтік тексеру жүріп жатыр.

Руслан Нұрланұлы

Хабарламаларға жазылу