Басты Жаңалықтар Статистика: Тілінде мүкісі бар 52 мың бала кезекте тұр

Статистика: Тілінде мүкісі бар 52 мың бала кезекте тұр

Дүниеге келгенде барлық сәби бірдей көрінеді. Әйтсе де, уақыт өте өзге балдырғанның қатары былдырлай бастағанда ғана әке-шеше кемшілікті аңғарады. Оған дейін еркелік қой деп елемейді. Елемегендердің бірі – Ғабит. Баласының сөйлей алмайтынын, дамуында ақаулық барын 4 жасқа келгенде бірақ білген.

Ғабит Зарипов, ата-ана:

Невропатологке келіп, бізге логопедке ұсыныс берді. Бұл қазіргі таңда қоғамның үлкен мәселелердің бірі. Ата-ананың уақытының жоқтығы.

Бала тілі шықпауының себебі әртүрлі дейді мамандар. Шарана құрсақта жатқанда анасының түрлі ауруға шалдығуы, толғақ кезінде жарақат алу, емізікті ұзақ емген бала таңдайының дұрыс қалыптаспауы, тілдің патологиялық өзгерісі секілді себептер тізіліп кете береді. Үнемі смартфон мен гаджеттерге үңіліп, дыбыссыз мультфильмдерді көру де бала дамуын тежейді. Ал ата-ана мен бала арасындағы қатынас, тәрбие жөні өз алдына бөлек әңгіме.

Майра Мырзағали, логопед-дефектолог:

Қазір 3 жаста сөйлесе, рахмет айтамыз. Өйткені бізге келетін баланың дені 4 жастың өзінде сөйлемейді.

Елде сөйлеу қабілеті бұзылған 52 мың балдырған кезекте тұр. Ал оларға арналған балабақша саны 19 ғана. Тағы бір мәселе. Психологиялық-медициналық –педагогтық комиссия деген бар. Одан өту үшін 3 ай күтесің. Бұл - кезектің жылжуына кедергі. Кезек келгенше бала мектеп жасына жетеді.

Бақытгүл Нұриддинова, логопед-психолог:

Осыны неге бірден жиілетпеске. Неге бес күн, он күн ғана күтпеске. Себебі невропатолог қойған диагноз басқаша болады да, үш айдан кейін жұмыстанбағаннан кейін ол тағы да өзгереді. Ол комиссияға кіргеннен кейін тағы басқаша диагноз қойып береді. Балада қаншама өзгерістер болады.

Ал құзырлы министрлік көптен қаузалып келе жатқан мәселенің шешімін енді қарастырып жатыр. Арнайы заң жобасы әзірлеген. Жаңадан нормалар түзген.

Ардақ Айтжанова, ҚР БҒМ Мектепке дейінгі тәрбие инклюзивтік және арнайы білім беру басқармасының басшысы:

Жылына бір ПМПК орташа есеппен 1470 баланы қамтитын болса сол 50 мыңға бекіткен кезде нормаға жақындатамыз. Енгізіп жатқан нормамыз қазір Мәжіліс депутаттарында қаралымда.

Баласын ақылы орталықтарға апаруға кез-келген ата-ананың қалтасы көтермейді. Тым қымбат. Ауыл-аймақтағы балақайлардың жағдайы тіпті мүшкіл. Балабақша жоқ, маман жетіспейді. Дені облыс орталығына сабылуға мәжбүр.

Қонысбек Терекұлы


Бөлісу