Ел мерейін асырған елеулі оқиға. Көкшетаулық жас пианист Алина Ғалиева Францияда өткен халықаралық байқауда бірінші дәрежелі дипломмен марапатталды.
Оның өнеріне тәнті болған қазылар алқасы отандасымызға «классикалық фортепиано, сазгерлік шығармашылық, соло» аталымдарында ең жоғары баға берді.
Ұстазсыз шәкірт-тұл. 26 жыл бойы Көкшетаудағы музыкалық мектепте еңбек етіп келе жатқан Роза Мырзахметова талай талантты жасты пианинода ойнауға үйретті.
Жас өнерпаз Алина Ғалиева да алты жасынан бастап осы кісіден сабақ алып келеді. Биыл 12-ге келген Алина Франция елінде өткен халықаралық «Канның жас жұлдыздары» байқауына қатысты.
Роза Мырзахметова, Біржан сал атындағы музыкалық мектептің оқытушысы:
Біз апарған шығарма - Нығмет Қалиевтің «Сарыарқа»,- деп аталатын туындысы. Франция елінде өткен байқауға жиналған жұрт жақсы қабылдады. Қазылар алқасы Алинаны гала-концертке өткізді.
Осы туындыны шебер орындаған Алина бұл байқауда жұлдыздай жарқырады.
Алина Ғалиева, байқау жеңімпазы:
Байқау өте қызықты өтті. Басында қобалжыдым, бірақ өз-өзімді қолға алып, туындыны ойдағыдай ойнап шықтым. Жан-жақтан келген қатысушылардың арасынан бірінші орынға қол жеткіздім.
Бұл байқауға жету үшін біз Швейцария, Италия, Польша, Чехия және Франция елдерінің 19 қаласын басып өттік. Анам мен ұстазым қолдау көрсету үшін бірге еріп барды.
Әлия Ғалиева, Алинаның анасы:
Бұл бала жастайынан өнерге бейімделгендіктен, бірінші сыныптан мұғалімі жақсы көріп, жақсы қарсы алды. Көптеген жұмыстар атқарды.
Міне, бірнеше конкурсқа барып, орын алып келді. Әрі қарай да жетістіктері болады деп сенеміз. Енді ол өзінің еңбегіне байланысты. Сезімтіл бала.
Алинаның ендігі мақсаты Астанадағы ұлттық музыкалық академияға оқуға түсу. Талантымен қазақ атын әлемге танытсам деген арманы және бар.
Ерболат ТӨЛЕГЕНҰЛЫ