Еліміздің бес өңіріне су басу қаупі төніп тұр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Еліміздің бес өңіріне су басу қаупі төніп тұр

26.03.2022

Биыл еліміздің бес өңіріне су басу қаупі төніп тұр. Су деңгейін ғарыштан бақыланып отырған төтенше жағдай қызметінің мамандары күн күрт жылыса, қауіп күшейеді дейді. Қазір апаттың алдын алу жұмыстары басталып кетті. Тақырыпты тілші толықтырады.

Сәбит Әлдебай, тілші:

– Біз тұрған Үркер елді мекені су басу қаупі ең жоғары аумақтардың қатарына жатады. Жылда қар суы үйлердің ауласына дейін кіріп, тұрғындарды әбігерге салатын. Биыл елді мекенді тұтастай қоршап тұратын сегіз шақырымға дейін бөген салынып жатыр.

Нұр-Сұлтан қаласының өзінде 25 аумаққа осындай қауіп төніп тұр. Сондықтан қардың көбесі сөгілгенге дейін елді мекен маңындағы арық-атыздар тазаланып, үйілген қар қала сыртына шығарылуы тиіс. Алайда кәсіпкерлік нысандары мен жеке тұрғын үйлер қар тазалауға асығар емес.

Қуаныш Тоқсарин, Есіл ауданы ТЖБ бас маманы:

– Қар шығарылмаса, өз ауласын су басып, аулалардың түгелі суға толады. Ауланың қарын шығарса, әкімшілік сырттан тазалап алып кетеді.

Биыл түскен қардың көлемі шекті мөлшерден аспаған. Ал тоңның қалыңдығы 30-40 сантиметрден 1 жарым метрге дейін жетеді. Қазгидромет мамандары сәуір айының басында солтүстік өңірлерде күн едәуір жылып, ауа температурасы +10 градусқа дейін көтеріледі деп ескертті.

Ажар Бауыржанова, «Қазгидромет» РМК инженер-синоптигі:

– Сәуірдің жекелеген күндері жауын шашын, тұман, көктайғақ құбылыстарымен тұрақсыз ауа райы күтіледі. Ал оңтүстікте найзағай, бұршақ болуы мүмкін.

Еліміз бойынша төтенше жағдай қызметі 25 гидротехникалық нысанның иесіз тұрғанын анықтады. Енді ол су қондырғылары әкімдіктің қарауына беріледі. Ал су тасқыны болуы мүмкін Солтүстік Қазақстан, Қарағанды, Ақмола және Қостанай өңірлерінде бөгеттердің техникалық жағдайы тексеріліп жатыр. Қауіптің алдын алу жұмыстарына 50 мың адам жұмылдырылған.


Хабарламаларға жазылу