Украинадағы ахуал: Осы аптада Ресей Мариупольдегі жүздеген адам паналаған театрды атқылады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Украинадағы ахуал: Осы аптада Ресей Мариупольдегі жүздеген адам паналаған театрды атқылады

20.03.2022

Осы аптада Мәскеуде Еуразиялық экономикалық комиссияның отырысы өткен. Одақтың екі мүшесі – Ресей мен Беларусь санкциялар құрсауында, қалған мүшелеріне – бізге, Қырғызстан мен Арменияға қиын болып жатыр. Санкцияланғандардың валютасы де-факто конвертацияланбайды. Тауарларын экспорттауға тыйым салып, нарыққа қайшы әрекеттер бастады. «Сөйтіп жалпы экономикалық қауіпсіздік мәселесін туғызып отыр. Басқа үш мемлекетке, олардағы шаруашылық субъектілеріне және қарапайым азаматтарға», - деп әлеуметтік желіде жазды, қалың көпшілікке таныс емес, дегенмен қаржы саласын жақсы білетін Айдан Кәріпжанов есімді кәсіпкер. Ол одақ аясындағы барлық келісімді тоқтатып, соғыс аяқталғасын барып қайта талқылауды ұсынады. Халықаралық санкциялардың түпкілікті көрінісі де анық болар еді.

Енді мынадай деталь – «Еуразиялық экономикалық одақ импорттық, кедендік төлемдер мен баж салығын рубльмен есептесуге» келісті, - деп мәлімдеді Ресей экономика министрлігі. Қазақстан үкіметі «Ресей мен Беларусьте баж салықтарын есепке алғанда және бөлгенде тауарды жіберуші елдердегі бағамы бойынша Ресей рублі қолданылады» деп мәлімдеген. Одақ ішінде рубльдің кедендік төлем ақшасы ретінде енгізілуі Ресейге салынған санкциялардың кесірінен. Санкцияларға байланысты ЕАЭО ішіндегі баж салығын Ресей мен Беларуське доллармен аудару мүмкін емес. Ал қалғандарына – Қазақстан, Қырғызстан және Арменияға кеденнен түсетін баж салығы бұрынғыдай доллармен есептеледі және бөлінеді деп мәлімдеді.

Украина. Ресей ақыры Мариупольдің орталығына жеткенін хабарлады. Бұл қаланың қалай күл-талқаны шыққанын, тұрғындардың қалай қиналып жатқанын өткенде айттық.

Осы аптада Ресей Мариупольдегі жүздеген адам паналаған театрды атқылады. Шабуылдан 1300 адам зардап шеккен. Құтқарушылар бүлінген театрда қалып қойған 130 адамды құтқарды. Алайда Кремльдің көңілі көтеріңкі. Қырымды «қосып алғандарының» 8 жылдығын атап өтті – Мәскеудің Лужники стадионына жиналған жұрттың алдында В. Путин сөйледі. «Геноцидтен құтқару» - деді тағы да ол, өздері әскери операция дейтін соғыстың мақсатын. «Біздің жігіттердің бір-біріне қалай көмектесіп, қалай қолдап жатқандарын айтсайшы, бір-бірін туған бауырындай қорғап, оққа кеудесін оққа тосып жатыр, мұндай жұдырықтай жұмылу көптен болған емес», - дейді Путин. Алайда украин ақпарат құралдары жариялап жүретін орыс жауынгерлерінің телефон әңгімелерін тыңдасақ, боқтық сөзге толы кіжіну, наза, шарасыздық...

Осы аптада АҚШ президенті Джо Байден Қытай басшысы Си Цзиньпинмен телефон арқылы сөйлесті. Д. Байден Си Цзиньпинге Қытай Ресейге көмектессе, салдары ауыр болатынын айтқан. Қытай сыртқы істер министрлігі мынадай мәлімдеме таратты:

Қытай украин мәселесі бойынша сыртқы қысымды және негізсіз айыптауды қабылдамайды. Мәселенің ұзақ мерзімді шешімі үшін қырғи-қабақ соғысы менталитетінен және жақ-жақ болып қарсы тұрудан бас тарту керек.

Жалпы, Украинадағы соғысқа байланысты сараптамалық материалдарды қарап отырсақ, келіссөздер жүріп жатқанына қарамастан соғыстың жуық арада тоқтайтынына күмән бар. Украинаның өзі Солтүстік Атлантика одағы - НАТО-ға кіру идеясынан бас тартатынын ашық айта бастағанымен, Ресейдің басқа талаптарын орындауы неғайбыл. Мысалы, қарулы күштерсіз елге айналу, Қырым мен Донбастың тәуелсіздігін мойындау дегендерге. Ал де-нацификация деген тіпті түсініксіз. Бірақ кеше Украина президенті В.Зеленский Путинді бетпе бет кездесуге кезекті рет шақырды.

Ал Львов қаласында өткен мына шара көзге жас толтырады. Орталық алаңда баланың 109 арбасы қойылды. Бұл Ресей басқыншылығынан опат болған балалардың саны.

Отандастарымызды, тілек білдірген басқа елдердің азаматтарын Украинадан алып келуге тоқталсақ, осы аптада тағы бір рейс ұйымдастырылды. 89 азамат оралды. Оның 56-сы Қазақстан азаматы, 32-сі Украина, 1-і Польша азаматы. Алдында 587 қазақстандықты қайтарғанбыз. Украинадан жалпы 822 қазақстандық шығарылған.

Айтпақшы «Эйр Астана» біздің елде тұратын туысы бар немесе басқа да байланысы бар украин азаматтарын елімізге арнайы тарифпен тасуға пейіл білдірді. Біздің мемлекеттің ақшасына емес.

Тағы бір айта кететіні - Түркіменстанның жаңа Президенті Сердар Бердімұхамедов кеше Президент қызметіне кірісті. 2006 жылдан Президент болған әкесі Гурбангулы Бердімұхамедов ақпан айында «жас буынға» жол беруге дайын екенін мәлімдеген. 12 наурызда өткен кезектен тыс Президент сайлауында 41 жастағы Сердар Бердімұхамедов ресми мәлімет бойынша 73 пайызға жуық дауыс жинап, жеңіске жеткен. Саясат сахнасында 2016 жылдан бері.


Хабарламаларға жазылу