Көрші елдерде бас сауғалаған украиналық босқындар саны 3 миллионнан асты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Көрші елдерде бас сауғалаған украиналық босқындар саны 3 миллионнан асты

18.03.2022

Украинадағы әскери қақтығыс 23-күнге ұласты. Ресей күштері бірнеше қалаға авиациялық шабуыл жасады. Қаза тапқандар мен жараланғандар бар. Ресей тарапы Украинаға бағытталған әскери жүкті нысанаға алатынын мәлімдеп, НАТО елдеріне Киевке С-300 зениттік-зымыран кешенін тасымалдамауды ескертті. Австралия, Жапония және Жаңа Зеландия Ресейге қарсы жаңа санкциялар жариялады.

Ресей күштері қалаларға әуеден шабуыл жасауды жалғастырып жатыр

Ресей әскері Украина қалаларын зымырандармен атқылап, бомбалауды жалғастырып жатыр. Киевтегі 5 қабатты тұрғын үйге снаряд сынықтары түсіп, 1 адам қаза тапты. 19 адам жараланған. Краматорск қаласында әуе шабуылынан екі адам мерт болса, Львовта авиажөндеу зауытының күл талқаны шықты. Біріккен Ұлттар Ұйымының дерегінше, ақпанның 24-нен бері қарулы жанжалдардан 1900-дей бейбіт тұрғын қаза тапты және жараланды. Арасында балалар да бар. Көрші елдерде бас сауғалаған босқындар саны 3 миллионнан асты.

Розмари Дикарло, БҰҰ саяси мәселелер жөніндегі басшысы:

Нақты сан әлдеқайда көп болуы мүмкін. Құрбандардың көбеюіне елді мекендерде кең аумаққа әсер ететін жарылғыш қаруды қолдану себепші. Жүздеген тұрғын үй, аурухана, мектеп зақымданды немесе қираған. Украинадағы бейбіт тұрғындардың шығыны мен азаматтық инфрақұрылымның жойылғанын жоққа шығаруға болмайды. Бұл мұқият тергеуді және жауапкершілікті талап етеді.

Мариуполь қаласы алдағы апталарда ресейлік күштердің бақылауына өтуі мүмкін. Американың Соғысты зерттеу институы осылай деп мәлімдеді. Стратегиялық портта ғимараттардың 80 пайызға жуығы қираған. Бұған дейін жүздеген бейбіт тұрғын паналаған драма театр ғимараты бомбаланды. Ал Ресей Қорғаныс министрлігі жаңа мәлімдеме жасады.

Игорь Конашенков, Ресей Қорғаныс министрлігінің өкілі:

Луганск күштері ресейлік қарулы күштердің қолдауымен Республиканың 90 пайызын бақылауға алды. Ал Мариуполь қаласының орталығында шайқас жүріп жатыр.

Вашингтон: Қытай Ресейге әскери көмек көрсетпеуі тиіс

Батыс барлаушыларының соңғы дерегіне сай, Ресей армиясының алға жылжуы барлық майданда тұралай бастады. Әскерилер моральдық, логистика және тактика жағынан қиындықтарға тап болған. Осындай шақта Қытай Ресейге әскери көмек береді деген ақпарат тарады. Ал Вашингтон Бейжіңге Мәскеуді қолдамау жайлы ескертті. Бүгін АҚШ пен Қытай лидерлері телефон арқылы сөйлесіп Украина мәселесін талқылайды.

Арай Төлегенқызы

Хабарламаларға жазылу