Харковьта әуе соққысынан базар өртенді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Харковьта әуе соққысынан базар өртенді

18.03.2022

Ресей зымырандарының соққысынан Харковьтың батысында базар өртке оранды. Сауда орны әскери жанжал басталғанда жабылған. Бір өрт сөндіруші қаза тапты. Харковьке қарулы қақтығыстар басталғалы артиллериялық шабуылдар жасалып жатыр. Бомбалау операцияларынан ғимараттар қирап, жүздеген адам қаза тауып, мыңдағаны үйлерін тастап кетті. Украина басшылығының мәлімдеуінше, бұған дейін Ресей әскери авиациясы Мариупольдегі драма театрды бомбалады. Дегенмен, оның жертөлесіне жасырынған жүздеген адам тірі қалған. Мәскеу бұл шабуыл үшін жергілікті «Азов» батальонын кінәлап отыр. Біріккен Ұлттар Ұйымының дерегінше, ақпанның 24-нен бері Украинада қарулы жанжалдардан 1900-дей бейбіт тұрғын қаза тапты және жараланды. Арасында балалар да бар. Ұйым қазір халықтың қырғынға ұшырауын тергеуге шақырып отыр.

Розмари Дикарло, БҰҰ Саяси мәселелер жөніндегі басшысы:

Нақты сан әлдеқайда көп болуы мүмкін. Құрбандардың көбеюіне елді мекендерде кең аумаққа әсер ететін жарылғыш қаруды қолдану себепші. Жүздеген тұрғын үй, аурухана, мектеп зақымданды немесе қираған. Украинадағы бейбіт тұрғындардың шығыны мен азаматтық инфрақұрылымның жойылғанын жоққа шығаруға болмайды. Бұл мұқият тергеуді және жауапкершілікті талап етеді.

Вашингтон: Қытай Ресейге әскери көмек бермеуге тиіс

Украинада көрші елдерге қашқан босқындар саны 3 миллионнан асты. Батыс барлаушыларының соңғы дерегінше, Ресей армиясының алға жылжуы барлық майданда тұралай бастады. Осындай шақта Қытай Мәскеуге әскери көмек береді деген қауіп туындап отыр. Вашингтон Бейжіңге Мәскеуді қолдамауды ескертті. Қарсы жақ болса, Ресейге жәрдемдесуі мүмкін деген ақпаратты жоққа шығарды.

Арыстан Рысбек


Хабарламаларға жазылу