Ресей күштері Азовстальға соққы беруді күшейтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ресей күштері Азовстальға соққы беруді күшейтті

05.05.2022

Украинадағы әскери қақтығыстың басталғанына 71 күн болды. Мариупольдегі "Азовсталь" зауытындағы жағдай күрделі. Бұған қатысты түрлі ақпарат бар. Украина Ресей күштері зауытқа басып кірді десе, Кремль мұны жоққа шығарып отыр. 

Украина тарапының мәлімдеуінше, Ресей күштері Азовсталь зауытына басып кірген. Өнеркәсіп кешенінде қазір шамамен 2 мыңдай украиналық жауынгер мен 200-дей бейбіт тұрғын бар. 11 шаршы шақырым аумақты алып жатқан «Азовсталь» - Мариупольде ресейліктердің қолына өтпеген жалғыз ғана нысан. «Азов» полкінің коммандирі Денис Прокопенко «Телеграмм» каналы арқылы мәлімдеме жасап, зауытта «екі күннен бері қанды шайқас» жүріп жатқанын хабарлады. Оның сөзінше, Ресей Мариуполь қорғаушыларын жоюды көздейді.

Денис Прокопенко, «Азов» полкінің командирі:
«Жаудың зауыт аумағына басып кіргеніне екінші күн болды. Ауыр әрі қанды шайқас жүріп жатыр. Мен дұшпанды ауыздықтау үшін асқан күш-жігер жұмсап жатқан жауынгерлерімді мақтан тұтамын. Және де Мариуполь гарнизонына зор қолдау көрсеткен әлемге алғыс айтамын. Жағдай өте қиын. Бірақ, не болса да, қорғанысты тоқтатпау туралы бұйрықты орындауды жалғастырамыз».

Кремль болса, «Азовстальда» штурм басталғанын жоққа шығарып отыр. Бейбіт тұрғындарды көшіруге мүмкіндік беру үшін атысты тоқтатқандарын мәлімдеді. Ал жараланған украиналық сарбаздарды зауыттан әкетуге келісім бермеді. Дегенмен Украинаның ресми өкілдері Ресей оқ атуды тоқтату туралы уәдесін бұзып, зауытқа соққы беруді күшейтті деп мәлімдеді. Сонымен бірге, Ресей күштері Донецк пен Луганск облыстарын толық бақылауға алу әрекетін жалғастырып жатыр. Краматорскіде әуе соққысынан 25 адам зардап шеккен. Ресей қорғаныс министрлігі қақтығыс барысында жүздеген украиналық сарбаз қаза тапқанын мәлімдеп отыр.

Игорь Конашенков, Ресей Қорғаныс министрлігінің өкілі:
"Артиллерия бөлімшелері 32 басқару пунктіне, 5 оқ-дәрі қоймасына, Украина артиллериясының 51 пунктіне соққы берді. 600-ден астам ұлтшыл, 61 қару-жарақ, әскери техника жойылды".

Бұған дейін "Нью-Йорк Таймс" газеті АҚШ, Ұлыбритания мен НАТО Украинаға қару-жарақ қана емес, барлау мәліметтерін де беретінін жазды. Бұл мәліметтер негізінде жасалған шабуылдардан ресейлік генералдар қаза тапқан. Әзірге, Пентагон бұл мақалаға қатысты түсініктеме берген жоқ. Кремль болса, аталған елдер мен әскери альянстың мұндай әрекеті Украинадағы операцияның тез аяқталуына жағдай жасамайды деп мәлімдеді.

Арай Төлегенқызы

Хабарламаларға жазылу