Алматыда Наурыз мерекесі қарсаңында «Жаңа Қазақстан, күшіміз бірлікте» атты фестиваль-концерт өтті. Ауқымды шараға студент-жастармен қатар, танымал тұлғалар мен белгілі әншілер қатысты. Фестивальдің басты мақсаты - Президенттің Жаңа Қазақстанды құру туралы бастамасын қолдау әрі Алматы жастарына тың серпіліс беру.
15 мыңнан астам жастың басын біріктірген фестиваль-концертті Алматыда құрылған «Жаңа Қазақстан» қоғамдық жастар қозғалысы ұйымдастырды. Белгілі әртістер өнер көрсетіп, танымал спортшылар, қоғам қайраткерлері мен кәсіпкерлер Президент Жолдауындағы негізгі бағыттар туралы айтты. Осылайша қозғалыс бастамашылары жігерлі жастарды жаңа Қазақстан құру ісіне ынталандыруды көздеп отыр.
Нұржан Керменбаев, әнші:
Руханиятты көтеру керек. Жастардың руханиятын көтеру керек. Жастармен жұмыс жасау керек. Жастар өзі қайда бара жатқанын білмейтін кезде ағалық қолдаулар болу керек. Мен мына эмоция үшін келдім. Шын айтайын.
Алматы фестивалі білімі мен таланты ұштасқан студенттерді, өнегелі ісімен танылып жүрген қоғамдық бірлестік белсенділерін біріктірді. Шараның арқасында жастар уақытты көңілді өткізіп қана қоймай, ең басты құндылық – күш біріктіру - жетістікке бастар жол екенін ұғынды. Әрі алдағы маңызды жұмыстардың басым бағыттарын талқылады.
Сырымбек Тау, фестиваль-концерт ұйымдастырушысы:
Біз жаңа Қазақстанды құруымыз керек. Барлығымыз өсеміз, өнеміз. Осы жастарды біз тәрбиелесек олар келер ұрпақты тәрбиелеуі керек. Жыл сайын тек осындай іс-шара емес, мүмкін, 10 мыңдаған адам шығып экологияны тазартып, ағаштар егеміз, мүмкін, 10 мыңдаған адам шығып, аулаларды тазалаймыз,осындай шараларады жастар қозғалысы боп бірігіп атқаруымыз керек деп ойлаймын.
Жастар бастамасымен көпшілікті бірлікке, тату тірлікке шақыратын шаралар ел аумағында да ұйымдастырылады. Осылайша «Жаңа Қазақстан» жастар қозғалысы Президент бастамаларына қолдау білдірмек. Олар мерекелік фестиваль-концерттен кейін Алматы жастары қоғамдық істерде белсенділік танытып, тың идеяларға толы боларына сенімді.
Жазира Оразқызы