Президент Жолдауда сайлаудың пропорционалды-мажоритарлық моделіне тоқталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Президент Жолдауда сайлаудың пропорционалды-мажоритарлық моделіне тоқталды

16.03.2022

Президент Жолдауда сайлаудың пропорционалды-мажоритарлық моделіне тоқталды. Бұдан былай мәжілістің депутаттық корпусы келесі кесте бойынша қалыптасады, яғни 70 пайызы пропорционалды және 30 пайызы мажоритарлық негізде болады. Сонымен бірге, аралас модель облыстар мен республикалық маңыздағы қалалар мәслихаттары сайлауына енгізіледі. Қазақстан 15 жыл бұрын Мәжіліс депутаттарын пропорцианалды түрде сайлауға көшті. Ал 2018 жылы мәслихат депутаттары да осы үлгімен сайланды. Бұл қадамдар елімізде партиялық жүйені дамытуға тың серпін берді. Алайда оның жағымсыз тұстары да пайда болды. Партияда жоқ азаматтар Мәжіліске ғана емес жергілікті өкілдік органдарға да сайлана алмайтын болды. Салдарынан халықтың сайлауға деген қызығушылығы күрт төмендеді, - деді Президент. Ал аралас сайлау моделі халықтың саяси белсенділігін арттыруға ықпалын тигізеді деген үміт бар.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Бұл қадам партиялардың Мәжіліс пен мәслихатқа өту шегін төменду үшін осыған дейін қабылданған шешімнің заңды жалғасы. Бұдан былай мажоритарлық жүйе бойынша әрбір аймақ Парламенттің төменгі палатасына өзінің кемінде бір депутатын сайлай алады. Жаңа үлгі көзқарасы әртүрлі азаматтардың Мәжіліске келуіне мүмкіндік береді. Сондай-ақ аудандар мен қалалардағы сайлауды толғымен мажоритарлық жүйеге көшіруді ұсынамын. Бұл жүйе жергілікті жерде бәсекелі саяси орта қалыптастырады. Оған қоса, елдің алдында беделі бар жаңа тұлғалардың саясатқа келуіне жол ашады.

Сондай-ақ Президент партияларды тіркеу процедуралары айтарлықтай жеңілдейтінін мәлімдеді. Бұл ретте партиялар үшін қарастырылған тіркеу шегін 4 есе, яғни 20 мыңнан 5 мың адамға төмендетуді тапсырды. Өңірлердегі өкілдер саны үш есе төмендеп, – 600-ден 200 адамға азаяды. Партия құру жөнінде бастама көтерген топ 1000-нан 700 адамға қысқарады.

Раушан Сайлауқызы

Хабарламаларға жазылу