Украина Президенті ресейлік күштерді берілуге шақырды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Украина Президенті ресейлік күштерді берілуге шақырды

15.03.2022

Ресей мен Украина арасындағы келіссөздердің төртінші раунды өтіп жатыр. Мұны киевтік делегация өкілі Давид Арахамия мәлімдеді. Ал, Ресейдің Франциядағы елшісі Мәскеудің өз алдына енді Украина билігін ауыстыру мақсатын көздемейтінін хабарлады. Украинада қарулы қақтығыс жиырмасыншы күнге ұласып, қалалар бомбаланып жатыр. Қираған инфрақұрылымды қалпына келтіруге 500 миллиард доллардай қаражат қажет болуы мүмкін.

Бүгін таңға жақын Киевте жойқын жарылыстар болды. Украина армиясының мәлімдеуінше, бұл – артиллериялық шабуылдардың нәтижесі. Соққыдан Киевте 16 және 10 қабатты екі апартамент пен бір жер үй және метро станциясы қирады.Екі адам қаза тапты. Қауіптілігіне қарамастан, Украинаға қолдау білдіру үшін Еуропа Одағы атынан Киевке бүгін Польша, Словения, Чехия Премьер-министрлері аттанды. Олар Украина мен украиналықтарға көмек беретінін де мәлімдеп отыр. Президент Зеленский болса, ресейлік күштерді берілуге шақырды.

Владимир Зеленский, Украина Президенті:

Ресейде әскерге шақырылғандар! Мені мұқият тыңдаңдар, Ресей офицерлері! Сіздер бәрін түсіндіңіздер. Украинадан ештеңе ала алмайсыздар. Тек өмірлеріңізді қиясыздар.

10 ірі қаланың бірде-бірі Ресей әскерінің бақылауына өткен жоқ

Ресей қарулы күштері қоршауға алып, авиациялық соққы беріп жатқан Мариупольде қаза тапқан бейбіт тұрғындар саны 2400-ден асты. Ал, елден көрші мемлекеттерге бас сауғалаған босқындар қатары 2 миллион 700 мыңға жуықтаған. Киев «соғыс», ал Мәскеу «арнайы әскери операция» атанған қарулы қақтығыс үш апта бұрын басталды. Содан бері Ресей бомбалауды тоқтатпағанымен, 10 ірі қаланың бірде-біреуін алған жоқ.

РФ Қорғаныс министрлігі Украинаның Херсон облысын бақылауға алғанын мәлімдеді. Дегенмен, бірер сағат бұрын Ресей Қорғаныс министрлігі мәлімдеме таратып, Украинада тұтас бір облысты алғанын хабарлады.

Игорь Конашенков, Ресей Қорғаныс министрлігінің өкілі:

Ресей Қарулы күштері Херсон облысының бүкіл аумағын толық бақылауға алды.

Марина Овсянникова тұтқындалды

Ресей «Бірінші» арнасының қызметкері Марина Овсянникова болса, «Время» бағдарламасының тікелей эфирінде соғысқа қарсы плакат ұстап шықты. Оның қазір қайда екені белгісіз.

АҚШ, Жапония, ЕО Ресейге қарсы санкцияларды күшейтті

Еуропа Одағы Мәскеуге қарсы жаңа санкцияларды ресми түрде мақұлдады. Оған сәйкес, Ресейдің энергетика секторына инвестиция құюға, олардан сәнді тауарлар экспорттауға және болат өнімдерін импорттауға тыйым салынады. АҚШ пен Жапония да Ресейге қарсы санкцияларын көбейткенін хабарлап отыр.

Арыстанбек Рысбек

Хабарламаларға жазылу