Ұлыбританияда жолаушылар үшін коронавирусқа қатысты шектеулер алынып тасталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ұлыбританияда жолаушылар үшін коронавирусқа қатысты шектеулер алынып тасталды

15.03.2022

Ұлыбританияға сырттан келетін азаматтарға коронавирусқа қатысты ешқандай шектеулер қойылмайды. Жолаушылардан вакцина-паспорты, ПТР тестің теріс нәтижесі де талап етілмейді. Биліктегілердің мұндай қадамға баруына не түрткі?

Марина бекенова, тілші:

Ұлыбританияда вакциналау науқаны сәтті жүзеге асты, сондықтан шектеулер алуға негіз бар. Ресми статистикаға сүйенсек, елу екі миллионға жуық адам екпенің бірінші компонентін, қырық тоғыз миллион адам екіншісін және отыз сегіз миллионы иммунитетті күшейтуге арналған үшінші екпені алып үлгерген. Алдағы жұмадан бастап, Ұлыбританияға келген жолаушылар бұрынғыдай қайда тұрақтағаны туралы есеп беріп, арнайы сауалнама толтырмайды. Ең бастысы, ковид тест тапсыру да қажет емес.

Грант Шаппс, Ұлыбритания көлік министрі:

Вакциналау бойынша біздің ел көш бастап келеді. Дүниежүзінде де екпе салу ісінде прогресс бар. Негізі, бүгінде саяхаттау қауіпсіз бола түсті. Әлбетте, бұл ковидке шалдыққандар ережеге бағынбай, қыдырсын деген сөз емес. Бірақ көптен бері жақындарын көрмеген жандар үшін бұл жақсы жаңалық болайын деп тұр.

Бірақ ковид жұқтырғандардың жалпы саны азаймай отыр. Өткен аптада төрт жүз мыңға жуық адамның коронавирусқа шалдыққаны белгілі болды. Бұл өткен аптамен салыстырғанда елу алты пайызға көп. Ауруханаға түскендердің саны он жеті пайызға өскен. Осыдан үш аптадай уақыт бұрын Англияда қоғамдық орындарда маска тағу, көпшілік шаралар кезінде ковид-паспорт көрсету секілді шектеулер алынып тасталған болатын.


Хабарламаларға жазылу