Елде қант тапшылығы жоқ. Қор 3 айға жетеді. Үкімет отырысында Сауда және интеграция министрі осылай деді. Дегенмен саудагерлер бағаны қымбаттатып, халықты алаңдатып қойғаны белгілі. Бұған не себеп?
Раушан Сайлауқызы, тілші:
Соңғы 10 күнде қантқа сұраныс артып, кей сауда орындарында жетіспеушілік байқалуына не себеп болғаны туралы Үкімет мүшелері айтып берді. Өнімнің жетіспеуіне ешбір негіз жоқ. Елімізде қант өндіретін 4 зауыт жұмыс істеп тұр, 90 мың тонна дайын өнім бар. Дегенмен импортқа тәуелдіміз. 60 пайызы шетелден келеді. 2025 жылға дейін өндірілетін қант көлемін 80 пайызға жеткізу жоспарланы отыр. Заң бойынша бизнес өкілдері тек 15 пайыз баға қосуға құқылы. Сондықтан тауар құнын негізсіз көтерген бизнес субектілеріне тексеріс жүргізілмек.
Бақыт Сұлтанов, ҚР Сауда және интеграция министрі:
Қанттың 3 айлық қоры бар. Сауда нысандары мен өндірушілерде сондай қор бар. 3 айлық қор бар дегенде дұрыс түсінбей қалады. Тиісті шикізат жетіп жатыр. Бағаның өсуі халықаралық жағдай. Доллардың өсуі өз әсерін беріп отыр.
Раушан Сайлауқызы, тілші:
Ал Ауыл шаруашылығы министрлігі азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудің екі жылдық жоспарын әзірлепті. Бағдарламаға сәйкес алдағы 3 жылда майлы дақылдарды егу артады. Ірі қара санын көбейту жоспарланған. Көкөніс пен жеміс жидектерді өсіру көлемін көбейту көзделіп отыр. Үкімет отырысында талқыланған осы және өзге тақырыптар жайлы толығырақ кешкі сюжетте айтамын.