Мәжіліс депутаттары Қаңтар оқиғасына қатысты сайлаушыларды толғандырған өзекті сауалдарға мемлекеттік органдардың жауап беруін қамтамасыз етті. Олар тергеу амалдарының заңға сәйкес жүргізілуін әу бастан қадағалап келеді. Өңірлердегі тергеу изоляторларына барып, ұсталған азаматтармен, олардың туыстарымен және адвокаттарымен кездескен. Қамауда отырғандардың құқығы бұзылғаны анықталған жағдайларды бақылауға алып, бірден Бас прокуратураға жолдап отырған. Ал 9-шы Наурызда тиісті күштік құрылым, мемлекеттік орган басшыларын қаңтар оқиғасына байланысты сұрақтарға ашық жауап беруге шақырды.
Гүлдара Нұрымова, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
Мемлекет басшысы ауырлататын мән-жайлар болмаған жағдайда құқық бұзушыларға жазаны жеңілдету жөнінде шаралар қабылдауды тапсырды. Бұл мәселе бойынша не істеліп жатыр?
Серік Шалабаев, ҚР Бас прокуратурасы Қылмыстық істерді қадағалау бойынша қызметінің бастығы:
Прокурорлардың өтініш хаттары бойынша, 1153 адам әкімшілік қамаудан босатылып және 779 адамның айыппұлы ескертуге өзгертілді. Қылмыстық істерге келетін болсақ, 203 адамға бұлтартпау шараларына өзгерттік.
Берік Көшербай