Басты Жаңалықтар Азық-түлік пен ең басты деген тауарлар бағасы. Бағалар қалай болып жатыр?

Азық-түлік пен ең басты деген тауарлар бағасы. Бағалар қалай болып жатыр?

Сонымен азық-түлік пен ең басты деген тауарлар бағасы өсіп бастағанын көріп отырмыз. Себебі басқасын былай қойғанда, тіпті аяқ киім, киім туралы үндемедік, күнделікті тұтынатын тауарлардың 80 процентіне дейін сырттан тасимыз. Сұраныстың басым көбі импортпен жабылады. Кедейлік алқымнан алғандар онсыз да көп. Сонда не болады... Данияр Қайыртайдың сараптамасы.

Астаналық Арайлым Кабажаева азық-түлік алу үшін сауда орталығына аптасына бір барады. Осы жолы күрт қымбаттағанын байқапты.

Арайлым Кабажаева, Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны:
Күнделікті алып жүрген сүтіміз, айранымыз бен жұмыртқамызға 40-50 теңгеден үстіне ақша қосылған. Бананның өзі бұрын 550 тг болса, қазір 870 тг болып кетті. Анықтап көрдім Ресей мен Украинаның арасындағы қақтығыстың салдарынан баға бірден өскен.

Елордадағы ең арзан деп саналатын базардың өзінде шет елден әкелінетін азық-түлік бір-ақ күнде қымбаттап шыға келген. Саудагерлер де мұны 1 доллардың 500 теңгеден асқанымен байланыстырады.

Ақмарал Қуандықова, саудагер:
Міне, бір апта болды. Жүзім, апельсин, мандарин, банан, алма секілді импорттық тауардың бағасы өсті. 50, 100, тіпті 200 теңгеге қымбаттағандары бар.

Қазақстанға әкелінетін бүкіл импорттық азық-түліктің 50 пайыздайы Ресейге тиесілі. Ал олардан кей тауар жеткізілмей жатыр. Қат болғандықтан қымбаттайды.

 Гүлназия Сұлтанбаева, саудагер:
Қант жоқтың қасы. –Ол Ресейден келе ме? –Әрине, тікелей Ресейден келетін нәрсе. Сосын сұйық майдың бағасы 200-300 теңгеге көтерілді. 

Азық-түліктен кейін үйге қажет маңызды тауар – тұрмыстық химия. Оның түгелі дерлік сырттан тасылады. Арасында ішкі өнім бар, бірақ шикізаты – импорт.

Бұл жаңалық тұрмыстық техника мен электроника сататындарға да ұнап жатқан жоқ. Ол да негізінен Ресей өнімі немесе Ресей арқылы әкелінетін басқа елдің өнімі. Енді логистика өзгереді, ал басқа жолмен әкелінген тауар түбі қымбаттайды.

Константин Кулагин, «Technodom» дүкендер желісінің аймақтық директоры:
Біз өндіруші компания қойған баға бойынша саудалаймыз. Әрине, теңгенің шет ел валютасындағы бағамы ескеріледі. Себебі біз сататын тауардың бәрі дерлік – импорт. Қазір Еуропадан тауар тасымалдау жолдары өзгеріп жатыр. Сондықтан алғашқы кезде кідірістер болуы мүмкін, бірақ дефицит болады деп ойламаймыз.

Қазақстан көп құрылыс материалдарын да өндірмейді. Қымбаттамай қайтеді?

 Ермек Нәсімхан, саудагер:
Біздер сататын тауардың бағасы осы курстың өсуіне байланысты 20 пайызға көтерілді. Өйткені келетін өнім өзіміздікі емес, шетелдің өнімі. Бағаларды ұстап тұра алмадық.
 Ялкун Магомедалиев, саудагер:
Фирмалар 15-20 процент қосып тастады. Енді біз 15 процент өзіміз де қосамыз. Міне, мынаны бұрын 300 тг берсе, енді 380 тг.

Кейбір құрылыс материалдарына қазірден тапшылық байқалады. Не жүк жолда бөгелген, не зауыттар әліптің артын бағып отыр.

 Абылай Жұмашев, саудагер:
Көп тауар қазір келіп жатқан жоқ. Барын сатып жатырмыз.

Құрылысқа қажет зат қымбаттаса, үйдің құны да шарықтайтыны түсінікті ғой. Онсыз да қол жеткізер түрі жоқ еді.

 Талғат Ерғалиев, Қазақстан құрылысшылар одағының төрағасы:
Көп материал шет елден валютаға сатып алынады, сондықтан олар қымбаттайтыны анық. Ал ол шаршы метрдің бағасына әсер етпей қоймайды. Себебі үй құнының 55-60 пайызы құрылыс заттарының бағасынан құралады. Жыл соңына дейін пәтер бағасы 20 пайызға өседі деп болжап отырмыз.

Осы жолғы жаппай қымбатшылық – «Ресей Қазақстанның басты сауда серіктесі» деген үнемі айтылатын ресми тезисті дәлелдегендей. Ресейге салынған санкцияны Қазақстанның әр азаматы теңгенің құнсыздануы, бағаның өсуі арқылы сезініп отыр. Әйтеуір әлеуметтік маңызы бар делінетін азық-түлік қымбаттаған жоқ. Оның көбі – ішкі өнім, әрі қор жеткілікті деп ақпарат таратты Сауда министрлігі.

 Қайырбек Арыстанбеков, Экономикалық саясат институтының директоры:
Бізде шамамен 37 пайыз импорт Ресейге келеді. Ал рубль құлағасын біз де валюта бағамын өзгертуге мәжбүрміз. Сол девальвация болғаннан кейін әрине баға да көтеріледі. Тауардың өтуі Ресей арқылы болып тұр. Ал Ресей санкцияда болғандықтан бізге тауардың уақытылы келуі немесе арзан бағамен келуі қауіп.

Экономист қымбатшылық кесірінен халық одан бетер кедейлене түсуі ықтимал екенін айтады. Сондықтан өкімет оларды қолдаудың жолын іздеуі керек дейді.

 Қайырбек Арыстанбеков, Экономикалық саясат институтының директоры:
Осал топтар бар ғой, әлеуметтік жағынан, солар қиын зонаға кіреді. Соларды қолдау керек. Екіншіден, бюджеттік саясатты қайта қарау керек. Үшіншіден, әлеуметтік саясаттың қарқыны инфляцияның қарқынынан жоғары болуы керек. Сосын Үкімет дереу экономикалық өсімді ұстап тұруы керек. Егер осы үш шараны бір уақытта істесе онда қауіп-қатерлердің мөлшері аз болады.

Әйтпесе жүдеген халықтың наразы көңілі үдеуі мүмкін.

 Рамазан Саттарұлы, әлеуметтанушы:
Баға өссе де, табысы бұрынғыдай. Әр отбасының бюджетіндегі дефицит күннен күнге ұлғайып келе жатыр. Егер нақты шара қолданып, бұл үрдіс тоқтамаса, бар протестік потенциалдардың факторы болып осы экономикалық жағдай болатыны сөзсіз. Нәтижесінде өз мәселесімен жалғыз қалған азамат ұжымдасып, ұйымдасып билікке жеткізудің бір амалдарын қарастыруы мүмкін.
 Данияр Қайыртай, тілші:
Былтыр қымбатшылық туралы сюжет жасағанда сарапшылар 2022 жылдың да басты тақырыбы қымбатшылық болатынын болжаған еді. Бірақ дәл бұлай болады деп ешкім ойламаған шығар. Бұрын қымбатшылықтың себебін зерттейтін едік. Осы жолы себебін біліп жасадық. Салдарын көрсеттік. Әне, орта табысты отбасының өзі үйдегі кірістің 80 пайызы азық-түлікке жұмсалатынын айтып отыр. Жеткізе алмай жүргендердің қалай амалдайтынын...

Данияр Қайыртай


Бөлісу