Алғыс айту күніне орай «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы таңнан кешке дейін телемарафон өткізді. Қиын сәтте қолдау көрсеткен, қамқор болған, жақсылық жасауға ұмтылған азаматтар студиямызға келіп, сұхбат берді. Жақынына алғыс айтып, жан сырын ақтарған көрермендеріміздің толассыз бейнежазбалары күні бойы эфирден көрсетілді.
Қаңтар оқиғасы. Дана Сүлейменова әуежай маңында тұратын. Сол күні жан-жағын жайпаған бұзақылардан қорықпады. Бас сауғалап қашқан бейбіт азаматтарды үйіне жасырып, жолаушыларды құтқарып қалды. Әлібек Құрмантай да әріптестерімен бірге жолаушыларды қауіпсіз жерге көшіруге үлес қосты.
Қас қағым сәтте басын қатерге тігіп, адам өмірін құтқарып қалған полицейлердің де еңбегі ерен. Бірі адамдарды өрттен аман алып қалса, енді бірі көпірден секірмекші болған жүкті әйелді құтқарып қалды. Ал павлодардық полицейлер өз өмірлерін қатерге тігіп, 50 баланы апаттан аман сақтап қалды.
Ал Мирас Масабаев бокстағы карьерасын тастап, ауыл балаларына спорт клубын салып тегін жаттығу өткізіп жүр. Бүгінде шәкірттерінің жетістігі жетерлік. Бұдан бөлек, қуаңшылықта тер төккен Құрмет Талапқазы, бес баланы бауырына басқан жамбылдық отбасының батыл қадамы көпті тәнті етті. Бұл жақсылық жасап, көпшіліктің алғысын алып жүрген азаматтардың бір парасы ғана.
Ата-анасына алғыс айтқан балалар, ұстазына риясыз көңілін білдірген оқушылар, дәрігерге бас иген тұрғындардың ыстық сәлемі толассыз.
Мақпал Мейірбекқызы, «Qazaqstan» ҰТА продюсері:
біз көрермендерімізге екі апта бұрын құттықтау алғыс айту мүмкіндігін берген болатынбыз. Бүгін санап отырсақ мыңнан асып кетіпті. Одан бөлек вастап желілерінде 2000нан астам хаттар түсті.
Арна журналистері елорда көшелерін көлікпен аралап, адамдарды үйіне тегін жеткізді. Қызықты сұхбат құрды. Тосын жайтты күтпеген тұрғындар алғыстарын да білдіріп жатты. Телемарафон таңғы 9 жарымнан кешкі алтыға дейін жалғасты. Нұр-сұлтан мен Алматыдан өзге 7 аймақтан тілшілеріміз тікелей қосылып, халық алғысына бөленген кейіпкерлермен сұхбаттасты.
Раушан Сайлауқызы