Түркістан облысында тұрғындар жерді мақсатты игермеген қожалықтың жұмысын тоқтатуды талап етті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Түркістан облысында тұрғындар жерді мақсатты игермеген қожалықтың жұмысын тоқтатуды талап етті

01.03.2022

Түркістан облысындағы Қаратөбе ауылының тұрғындары жерді мақсатты игермеген қожалықтың жұмысын тоқтатуды талап етуде. Себебі былтыр халыққа қайтарып берген жайылым жерді шаруа егін егемін деп биыл қайтарып алған. Тіпті техникасын салып, жер жыртуды бастап кетіпті. Тараптарды тілішіміз Айнұр Ақбаева тыңдады.

Төрт түлігі қолына қарап қалған соң Жолдыбай Құрманбаев бүгін соңғы жем-шөпті бергенін айтады. Жайылымның жоқтығынан уақ мал түгілі ірі қараны да қорада қамап ұстауға мәжбүр.

Жолдыбай Құрманбаев, Қаратөбе ауылының тұрғыны: 

Әзір малды үйде ұстаймыз, шығарамыз. Қазір мынау егістік шыққанша сәл жеңілдеу. Одан кейін қиындап кетеді жағдай. Күн де ұрыс талас. Ұрыс-талас болып қашанғы жүреміз. Осыдан басқа жер жоқ қой бізде мал жайылатын.

Малын өріске айдап шығудан қалған Қаратөбе ауылының тұрғындары жайылым жерді жырта бастаған техникаларды тоқтатуға тырысты. Себебі, бұл жерлерді әкімдік өткен жылы шаруалардан алып, халыққа қайтарған болатын. Алайда , бір жылдан кейін жағдай өзгеріп шыға келді. 

 Әлібек Әбдімомынов, Қаратөбе ауылының тұрғыны: 

- 15-20 жыл болды осы жердің дауы басталғанына. Былтыр әкімдер келді. Жер тауып береміз. Мынау жайылымға қалсын, - деді. Сөйтіп 1 жыл жайылымға қалды. Бостандық болғанымен ауа-райы болмай қалды. Ал биыл енді тағы мынандай боп тұр. Біз қайда барамыз. Малды сатқаннан басқа амалымыз жоқ.
 
 Сейдәз Әміреқұлұлы,Қаратөбе ауылының тұрғыны: 

- Мақсары егіп бір де мақсары алған жоқ. Одан бұрын бидай екті. Бидайын да орып ала алмады. Ауылдың малы түседі. Жеп кетеді. Анау басынан түсіп, мына басынан шығып кетеді. Жайылатын жер жоқ 
Әу баста 187 гектар жерді сатып алдым деген кәсіпкер бір жыл үзілістен соң өз жұмысын қайта бастаған. Енді 27 гектар жерді жыртып, дәнді-дақыл егуге дайындап жатқанын айтады. 


 - Біз мемлекеттің налогын құямыз. Былтыр егілген жоқ. Биыл 2 ай сабыр сақтап шыдасаңыздар, біз қарауыл қойып мал кіргізбей тұрамыз. Орып алып болғасын сөйтіп малдарыңызды жая беріңіздер, апа. 
 Аудан әкімдігінен келген жауаптыларға тұрғындар жерді мақсатты игере алмаған шаруашылықтың ісі тоқтатылсын деп мәселені төтесінен қойды. 

Қосбай Қожанов, Төле Би аудандық жер қатынастары бөлімінің басшысы: 

- Жер иесімен заң аясында түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, біз оны биыл қайтарып алуға мүмкіндік бар. Ескерту береміз, нұсқама береміз, айыппұл саламыз. Одан кейін мемлекет мұқтаждығына сәйкес халықтың ортақ пайдалануына береміз. 
Мамандар енді қожалық иесінің әр гектарды қалай пайдаланып отырғанын тексермек. Ал оған дейін жергілікті халыққа кәсіпкердің 160 гектар жайылым жеріне мал жаюға рұқсат берілді. 


 Айнұр Ақбаева


Хабарламаларға жазылу