Түркістан облысында ауыл халқы өзен арнасын қазу тоқтатылсын деп отыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Түркістан облысында ауыл халқы өзен арнасын қазу тоқтатылсын деп отыр

08.08.2022

Түркістан облысы, Ордабасы ауданында Арыс пен Бадам өзендерінің қосылған тұсын кәсіпкер 15 жылдан бері қазып келеді. Салдарынан, судың арнасы басқа жаққа бұрылып кеткен. Жақын маңдағы Қараспан ауылының халқы бүгін жағалауды карьерге айналдырған серіктестіктің жұмысын тоқтатуды талап етті. Айтуларынша, өзен жағасында батпақтан шыға алмай, мал өліп жатыр. Жерасты суы да тартылып барады.

«Шыдамның да шегі бар». Осылай деген қараспандықтар қос өзеннің арнасын қазып, тынымсыз тас алатын кәсіпкердің жұмысынан зардап шегіп отырғанына ашынып, жанайқайын жеткізуге шықты. Жұмысшылар Арыс пен Бадам өзенінің бойын қазып тастағандықтан судың деңгейі төмендеп кетті. Онсыз да құдықтан су ішіп отырған жұрт тіршілік нәрінсіз қалатын болды, дейді олар.

Жасдәурен Өтембаев, ауыл тұрғыны:

Өзен арнадан алыстаған сайын ауыз су да тартылып бара жатыр. Сол піспе құдықтың өзі қазір шықпай қалды. Бұрын бір піскенде жарты шелек толатын. Өлді дегенде. Қазір сол 2,5 литр суды 10-20 рет басып шығарасың да.

Жолбол Жақыпов, ауыл тұрғыны:

Арнаның бойы машина түгілі адам келе алмайды. Қазып тастаған, мусор толып жатыр. Тас әкеткен, бұл қазып жатқанына 15 жыл болды. Қазып мына жол да жоқ. Атпен сүрініп құлайсың.

Бір кездері халық демалатын орын болған бұл аумақта қазір шұқырдан аяқ алып жүру қиын. Тас қазушылар тіпті қызыл кітапқа енген жыңғыл өсімдігін де тамырымен қопарып тастаған. Оларға тәртіп сақшылары да ешқандай шара көрмей отыр дейді жергілікті халық.

Болат Сүлейменов, ауыл тұрғыны:

Тоғайларда көктем уақытында малдар өліп қалып жатыр. Көктем уақытында ұйықтан өліп қалып жатыр. Мына судың арнасы бұзылып жатыр. Оған қарап жатқан адам жоқ та қазір. Халықпен санасатын адам болмай тұр ғой қазір.

Тұрғындар осы мәселені айтып ауыл әкімі мен аудан басшыларына шағымданғанымен нәтиже шықпапты. Болмаған соң бүгін жиналып, карьерді жауып, кәсіпкердің жұмысын тоқтатуды талап етті.

Ал аудан атқамінерлері кәсіпкердің өзіне тиесілі жерден ауытқып кеткенін жоққа шығармайды. Бұл заңбұзушылық әрекеті үшін жауапты басқарма 51 млн теңге айыппұл салған деп отыр. Егер мұндай кемшілік тағы қайталанатын болса, онымен келісімшартты бұзуға тура келеді деп түсіндірді.

Азат Оралбаев, Ордабасы ауданы әкімінің орынбасары:

Қазіргі сот сараптамалық кеңестің жаңағы жауабын күтудеміз. Соның нәтижесі бойынша негізі іс қозғалған. Соның нәтижесі бойынша заңсыздықтарға байланысты айыппұл салынады. Осы қазан айына дейін тегістейміз деген уәдесін беріп отыр. Оны біз қадағалаймыз.

Алайда мұндай жауап ауыл тұрғындарын қанағаттандырмады. Олар кәсіпкердің жұмысын тез арада тоқтатып, қазылған жерлер орнына келтірілмесе облыстағы және одан да жоғары шенділерге шағымымызды жеткіземіз, карьерді жаптырмай тоқтамаймыз деп бекініп отыр.

Айнұр Ақбаева


Хабарламаларға жазылу