Басты Жаңалықтар Ауыл медицинасы және оның кемшіліктерімен жұмыс қалай жүріп жатыр?

Ауыл медицинасы және оның кемшіліктерімен жұмыс қалай жүріп жатыр?

Қазақ «қатты қыстан мал қалса — олжа, қатты аурудан жан қалса — олжа» дейді. Медицина туралы ақпарат берілгенде көбіне қаладағы ағайын арызын айтады да, ауылдағы адамдар қалыс қалады. Ал сапасыз медицинаның көкесі сол жақта.

Тіптен біз қалада көріп үйренген мынадай кішігірім палаталардың өзі ауылға арман. Оған сюжет түсіруге барған тілшілер көз жеткізді. Тұтастай емхана тұрмақ, амбулаторияға мұқтаж елді-мекендер бар. Туысын боранда ауруханаға жеткізе алмай, қара жамылған шаңырақтар қаншама. Бұл ашуыңды келтіретін, ашындыратын мәселе. 

Жасалып жатқанда дүниелер бар, көрмес түйені де көрмес деуден аулақпыз. Бірақ бөлініп жатқан бюджеттің ақшасын, бүгін біз тілге тиек еткен міндетті әлеуметтік медициналық сақтандырудың қаржысын көргенде сапа қайда деп шыр-пыр болатынымыз. 

Еркін Съезұлы осы аптада ауылдағы ағайынға аттанды, олардың қалай емделіп жүргенін көрді. 

 Майдаш Құсайынова сусамырмен ауырады. Құдайдың құтты күні дәрігерді үйіне шақыртады. Ауылда еш өркениет болмағасын балаларын түгел қалаға жіберген. Өзі денсаулығына байланысты көпқабатты үйдің ауа қысымына шыдамаған соң, шалғайдағы елді мекенде жалғыз тұруға мәжбүр.

Майдаш Құсайынова, Ақөре ауылының тұрғыны:

Ауылда амбулатория жоқ. Мейірбике шақыртамыз. Келеді, бірақ ол бірінші көмегін көрсетеді. Қолында барын береді. Көп нәрсе қолынан келмейді. Жедел жәрдем шақыртайын десем, жатып қалған нашар адам емессіз, дейді.

Ақөреде амбулатория болған. Бірақ екі жыл бұрын жабылып қалған. Ал, ауылға ең жақын дәрігер мен жедел жәрдем 25 шақырым жердегі Керней ауылында. Соған сабылады былайғы жұрт. Бірақ жолдың жайсыздығынан қыста қатынастан бөлек дем де үзілген сәттер жоқ емес.

Ахметқали Жаңғожин, Ақөре ауылының тұрғыны:

Осында жол үшін өлім де болды. Бізде бір жігіт Сауман Берікбаев деген, жүректен ауырып қалып, жол болмады. Қайтыс болып кетті.

Ал, Атырау облысында дәрігер жетіспеушілігі өте өткір мәселе. Әсіресе, өңірге қарасты Қызылқоға ауданының халқы хирург, анестезиолог, неонатолог, реаниматор, лор, педиатр сынды білікті мамандарға мұқтаж. Қазір аудандық ауруханада жоспарлы операциялар жасалмайды. Жауаптылар тапшылықтың кесірінен дерті дендеген науқастарды облыс орталығына санавиациямен тасымалдауға мәжбүр. Маман тапшылығы қызмет сапасында ақсатты. Қыруар қаржыға сатып алынған құралдар шаң басып босқа тұр. Мәселен, құны 29 млн теңгелік операцияға арналған құрылғының қосылмағанына бір айдан асыпты.

Айнұр Тілемісова, Қызылқоға аудандық ауруханасының бас дәрігері:

Дәрігерлер келетін жағдай болса, оларға тұрғылықты үй беріледі. Үстеме ақы төленеді. Облыс әкіміне бәріне сұраныс беріп жатырмыз. Бізде жоқ екені бәріне белгілі.

Денсаулық саласындағы тағы бір түйткілді мәселе, медициналық құрал-жабдықтарды сатып алу. Бұл жүйеде жемқорлық көп. Әсіресе өңірлерде смета бағасын аспандатып, бөлінген қаржыны жымқырып қалу фактілері кездеседі. Сондықтан Президент мемлекеттік сатып алуларды «СК-Фармация» базасына орталықтандыруды тапсырды. Медициналық аппараттардың күтімі де әлі шешімін таппаған мәселе.

Ғабит Рысбаев, дәрігер-реаниматолог:

Бізде ешқандай медициналық құрал-жабдықтардың күтімін оқытатын техникалық мамандық жоқ. Сондықтан кез келген аппараттың бір ғана болтын бұрау үшін шетелден маман шақыртамыз. Олар әрине қымбатқа келеді. Одан арасында жемқорлық бар, тіпті баға шарықтайды

Жалақы төмен, әлеуметтік қолдау аз, сол себепті өңірге тәжірибелі маманның келгісі жоқ. Ал, білікті дәрігерлердің тапшылығы - диагнозы дүдәмал сырқаттардың көбеюіне әкеп соқтыруда. Сарапшылар соңғы жылдары елді мекендердегі дәрігерлер қартайып барады деп дабыл қағуда. Өйткені, тәжірбиелі әрі білікті дегендерінің басым бөлігі зейнет жасында не зейнеткерлікке шығайын деп күн санап отыр. Мәселен, Дәмеш Есқуатованың зейнетке шыққанына 15 жыл болса да, амалсыз әлі қызметте.

Дәмеш Есқуатова, Қызылқоға аудандық ауруханасының жалпы тәжірибелі дәрігері:

Осыған келісім берген кезде мен ойлап едім, жазда жас мамандар келеді ғой, содан кейін учаскеден мен кетем ғой. Босап басқа жеңілдеу жұмыстар жасай тұрармын деп ойлағанмын. Кей мамандар өз алдына жетпей жатыр. Оның үстіне мына участке дәрігерлері жетпегее соң, амал жоқ, осы учаскеде жасап жатырмын.

Тәуелсіздік алғалы елімізде мың жарымнан аса мемлекеттік медициналық нысан салынған. Шамның жарығы түбіне түспейді демей ме... Емханалар жайын білмекке алысқа бармай елорданың іргесіндегі Арайлы ауылындағы амбулаторияға барып, жай күйімен таныстық. Оңып тұрғаны шамалы. Өйткені кей құрылғылардың қолданысқа берілгеніне жарты ғасыр болған.

Салтанат Жанұзаққызы Арайлы ауылдық амбулаториясының акушері:

Тоқсаныншы жылдары салынған ескі. Дала жылы болғасын жылы боп тұрады іші. Ал былай аяздарда іші суып кетеді. Қабылдауға нәрестелер, жаңдан босанған әйелдер, аурулар келеді. Жаңадан амбулатория болса жақсы болушы еді.

Сәуле Шамшиева, мейірбике:

Бізде жедел жәрдем бар. Бірақ ол жедел жәрдем деп саналмайды. Ауруларды ішіне салып апара алмаймыз. Қатты ауырған адамды қалай елордаға жеткіземіз. Уақыт жетпей қалады да адам жүрекпен қиналып жатса қанша уақыт өтіп кетеді. Бізде балалар көп ауырып жатыр. Жарықта жүгіресің ғой, түнде жетіспейтін сол жедел жәрдем керек жаңа.

Жедел жәрдем көлігі бас қаланың іргесіндегі ауылда тапшы болғанда шалғайдағының жайы айтпаса да белгілі. Мәселен, Қызылорда облысы, Шіркейлі ауылында 69 миллион теңгеге салынған дәрігерлік-амбулатория небәрі сегіз жылдың ішінде апатты деп танылды. Уақытынан бұрын жарамсыз болып қалған нысанға қазір бірде-бір адамның кіруіне рұқсат жоқ. Өйткені, қабырғалары қақырап, құлаудың сәл алдында тұр. Тұрғындар болса, құрылысына қыруар қаржы кеткен амбулоторияны уағында қабылдап алған атқамінерлерге ашулы.

Жұмабек Көпбергенов, тұрғын:

Қаржы кетті. Далаға кетті. Дұрыс болу керек қой заңында. Жаңа медпункт дейді. Келмейді-ау. Бұзып жаңадан салады-ау.

Бұл ауыл дәрігерлерінің қазіргі жұмыс орны. Өз ғимараттары жарамсыз болған соң дәрігерлер әкімдікке көшірілген. Ауданның бас дәрігері ескі мектеп ғимаратында ақ халаттылар уақытша ғана жұмыс істейді, дейді.

Нұржамал Жұмағалиқызы, Сырдария аудандық ауруханасының бас дәрігері:

Қазіргі таңда ғимаратқа қажетті зерделеу жұмыстары жүргізіліп, жобалық сметалық құжаттамасы әзірленіп, мемлекеттік сараптамаға өткізілді. 2022 жылдың 15 наурызына дейін қорытындысы дайын болып, ғимаратқа күрделі жөндеуге сұраныс тапсырылады. Алдын ала жасалған есеп бойынша 75 млн теңге қаражат қажет етеді. Облыс әкімшілігі тарапынан қаражат бөлу мәселесі оң шешімін тапты.

Қарағанды облысының шалғай ауылдарында тұратын халық енді дәрі іздеп қалаға сабылмайды. Мамандар арнайы көлікпен ай сайын жеткізіп тұратын болады. Ол үшін өңірдегі 9 ауданға жылжымалы әлеуметтік дәріхана берілді. Әрқайсының құны 14 миллион теңге, жергілікті бюджет есебінен алынған. Енді бұл көліктер бекітілген кесте бойынша ауыл-ауылды аралап, арзан бағаға дәрі-дәрмек апарады.

Алпыс Аманжолов, Шет аудандық ауруханасының директоры:

Ауданымыз бойынша 25 ауылдық округ бар болатын болса, соның барлығына бізде арнайы кесте бекітіліп, осы кесте бойынша алыс, шалғайдағы жатқан елді мекендерге кезекпен жіберілетін болады. Сол жердегі халықтың сұранысына байланысты алынатын арзан дәрі-дәрмектерді тек 5 пайыз үстеме қосу арқылы сатып отырмыз.

Еркін Съезұлы, тілші:

Елімізде дәрігер тапшылығын төмендету үшін өткен жылы оқуын тәмәмдаған 3200 жас маманның 96 пайызы жұмыспен қамтылды. Оның 600 жүзден астамы дипломын құшақтап ауылға аттанды. Ал келер жылдан бастап клиникалық мамандықтар бойынша резидентураға бөлінетін мемлкеттік грант санын 2 мыңға ұлғайту жоспарлануда. Бұл болашақтың шаруасы ал қазір балтыры сыздап, басы ауырған ауылдағы ағайын әлі күнге дейін сапалы медициналық қызметке қол жеткізе алмай келеді. Сол себепті, біздегі медицинаның жаңа жүйесіне жүйелілік жетіспейді дейді білетіндер. Бұйыртса болашақта науқастар дәрігердің алдына сезікпен емес сеніммен, күдікпен емес үміттен барса игі.

Еркін Съезұлы

Бөлісу