Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығына орай Франция мен Түркияда арнайы іс-шаралар ұйымдастырылады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығына орай Франция мен Түркияда арнайы іс-шаралар ұйымдастырылады

25.02.2022

Биыл Ахмет Байтұрсыновтың туғанына  - 150 жыл. Осыған орай елордада мерекелеу шараларының салтанатты ашылу рәсімі өтті. Жиынға мемлекеттік хатшы Ерлан Қарин және Парламент депутаттары, алаштанушы ғалымдар, қоғам қайраткерлері қатысты. Зиялы қауым өкілдері әуелі «Қаламгерлер аллеясында» орналасқан «Алаш Қайраткерлері» ескерткішіне гүл шоқтарын қойды. Бұдан әрі «Ахмет Байтұрсынұлы - Алаштың рухани көсемі» атты ғылыми-конфереция өтті. Ғалым, ұлттық жазудың реформаторы Ахмет Байтұрсынов әсіресе, қазақ тіл білімінің дамуына зор үлес қосты. Жиында дара тұлғаның шығармашылығы мен еңбектерін жоғары бағалаған ғалымдар мазмұнды баяндама жасады. Биыл мерейтой Юнеско көлемінде тойланады.

Ерлан Қарин, ҚР Мемлекеттік хатшысы:

Біз Алаш қайраткерлерінің дара жолынан өнеге алып қана қоймай, оны әрдайым басты бағдар етіп ұстанамыз. Өйткені Ахаң сияқты жасампаз тұлғалардың еңбегі тәуелсіздік құндылықтарымен тікелей астасып жатыр. «Ел – бүгіншіл, менікі – ертең үшін» демейтін бе еді Ахаңның өзі. Біз – сол Ахаң дәл жеткізіп айтқан ертеңде өмір сүріп жатқан және оны болашаққа жалғайтын ұрпақпыз. Дүниежүзінің тарихына зер салсақ, халықтар мен мемлекеттер реформатор тұлғаларының арқасында дамудың жаңа белесіне көтерілген. Ахаң – қазақ үшін осындай тұлға. Ахмет Байтұрсынұлы өмір сүрген дәуір мен қазіргі Тәуелсіздік заманын байланыстыратын ортақ мүдде – ұлттық болмысты сақтай отырып, өркениетті ел болу.

Орынай Жұбай, Филология ғылымдарының докторы:

Ахмет Байтұрсынұлының еңбегін бүгінгі таңда, когнитивтік лингвистика, функционалды лигнвистика жаңа иновациялық бағыттармен әбден байланыстыруға болады. Қай жағынан алып қарағанда да жаңа бағыттар десе көбінесе жас зерттеушілер көбінесе Еуропа, орыстардан іздейді. Ахмет Байтұрсыновтың еңбектерінде осының бәрі тұнып тұр.

Раушан Сайлауқызы


Хабарламаларға жазылу