Ауа райының қолайсыздығынан еліміздің бірнеше өңірінде жол-көлік апаттары жиілеп кетті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ауа райының қолайсыздығынан еліміздің бірнеше өңірінде жол-көлік апаттары жиілеп кетті

14.02.2022

Ауа райының қолайсыздығынан еліміздің бірнеше өңірінде жол апаттары орын алды. Елордаға жақын маңдағы Қабанбай батыр ауылы мен Киевка тас жолында LADA Priora автокөлігі қарсы бағытқа шығып, JAC көлігіне соқтығысты. Салдарынан LADA жүргізушісі мен көліктегі 2 жолаушы оқиға орнында көз жұмды. 37 жасар JAC автокөлігінің жүргізушісі ауруханаға жеткізілді. Елдегі өзге де оқыс оқиғалар туралы алдағы бейнематериалда.

Павлодар облысында жол апатынан бір адам қаза тауып, 6 адам зардап шекті. Бас, дене жарақаттарын алған үш адам жансақтау бөлімінде жатыр. Оның бірі - аяғы ауыр әйел. Көлік апаты «Ленинск-Ертіс-Русская поляна» жолындағы, Ресеймен шектесетін тұста болған. Жылдамдықты асырған Аudi - Тойота камри көлігімен соғысқан.

Шығыс Қазақстанның Өскемен-Риддер-Глубокий тас жолында жеңіл көлік пен автобус соқтығысып, салдарынан 36 жастағы көлік жүргізушісі мен 29 жастағы жолаушы оқиға орнында көз жұмды.

Алматы қаласында да жеңіл көлік автобусқа соқтығысты. Оқиға Альмерек шағын ауданында орын алған. Жеңіл автокөліктің жүргізуші мен жолаушысы зардап шекті. Тексіріс жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Ақтөбе облысында жол-көлік оқиғасы салдарынан «Ваз» автокөлігі екіге бөлініп қалды. Оқиға «Самара-Шымкент» тасжолында болған. Қарсы бағытқа шығып кеткен «Ваз» автокөлігі «Опель вектра» көлігімен соқтығысқан. «Опель вектраның» жүргізушісі мен жолаушысы түрлі жарақаттармен Ақтөбе қалалық жедел жәрдем ауруханасына жеткізілді.

Дәл осы тас жолдың бойында үш бірдей жүк көлігі апатқа ұшырады. Сондай-ақ, тағы бір жеңіл көлік зақымданды. Жеңіл автокөліктер тиеген жүк көлігінің жүргізушісі алда келе жатқан «автовозға» соғылған. Қатты соққы әсерінен қарсы бетте келе жатқан «Мерседес» жүк көлігін де түйреген. «Мерседестің» жүргізушісі түрлі дене жарақаттарымен Хромтау аудандық орталық ауруханасына жеткізілді.

Ақтоты Боранова, ҚР ІІМ әкімшілік полиция комитетінің ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы: 
Қаңтар айында Республика көлемінде 843 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, 166 адам қаза болып, 1145 адам әртүрлі дене жарақатын алған. Былтырғы жылмен салыстырсақ, өсім байқалады. Яғни жол апаттары мен қаза болғандар саны 4%-ға артқан.

Жыл басынан бері жол апаттарының басым бөлігі Ақмола, Атырау, Қызылорда облыстары мен Алматы қаласында орын алған. Ал соңғы 2-3 тәулікте ауа райының қолайсыздығы салдарынан оқыс оқиғалар тіпті жиіледі. Мамандар ескертпелерге құлақ асып, жол үстінде аса сақ болуға шақырады.

Ақниет Балтанова


Хабарламаларға жазылу