Бір аптада жол апатынан 40 адам қаза тапты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Бір аптада жол апатынан 40 адам қаза тапты

26.10.2020

Елімізде соңғы бір апта ішінде жол апаты жиілеп, 40 адам қаза тапты. Бұл бірінші кезекте ауа райының күрт бұзылуына байланысты болып отыр. Бірнеше облыста қар, жаңбыр жауып, соңы көктайғаққа ұласқан. Алдағы күндері де еліміздің кей өңірлерінде жол жүруге қолайсыз ауа райы сақталады. 

Қарағанды облысына қарасты Теміртау мен Пришахтинск қалаларының аралығында жантүршігерлік жол апаты болды. Еріген қар суынан тайған ВАЗ көлігі темір қоршауға соғылған. Сол сәтте жүргізуші терезеден сыртқа ұшып түскен. 25 жастағы азамат дене жарақатымен облыстық медициналық орталыққа жеткізілді. Демалыс күндері өңірдің кей аймақтарына жауған қар еріп жол қозғалысы қиындаған болатын. 

Жанатай Сембеков, Облыстық Полиция департаментінің ресми өкілі:
ВАЗ автокөлігінің жүргізушісі қатты жылдамдықпен жүріп, көліктің басқаруына ие бола алмай, жол қоршауына соқтығысқан.

Жамбыл облысында да жол апаты болып, 5 адам зардап шекті. Оның біреуі - 16 жастағы бала. Барлығы да Қордай аудандық ауруханасына жеткізілген. Куәгерлердің айтуынша, жылдамдықты асырып жіберген LADA Granta жеңіл көлігі жолдың қарсы бетіне бұрылмақ болған Mitsubishi Pajero-ны соққан. Қатты соққыдан салмағы ауыр жол талғамайтын көлік аударылып қалған. Зардап шеккендерге өзге жолаушылар көмектесіп, жедел жәрдем шақырған. Бұл дерек бойынша да іс қозғалды. 

Ал Орал қаласында жол апатынан 36 жастағы әйел адам қайтыс болды. Түнгі төрттің шамасында ВАЗ көлігінің жүргізушісі рөлге ие бола алмай, жиекте тұрған екі көлікті соққан. Салдарынан ВАЗ-дың сау тамтұғы қалмаған. Бұған қоса көлік иесі мен екі жолаушы да жарақат алды. Оның бірі жансақтау бөлімінде жатыр. 

Соңғы аптада еліміздің бірнеше өңірінде ауа райы құбылмалы болуына байланысты, жол апаты жиілеген. Бір аптада 200-ден астам жол-көлік оқиғасы тіркеліп, 40 адам қаза тапқан. 

Руслан Нұрланұлы 

жол апаты іім брифинг жол-көлік оқиғасы

Хабарламаларға жазылу